Терроризм жайлы фейк таралуына шетел азаматтарының да қатысы бар
Терроризм жайлы жалған ақпараттардың таралуына шетел азаматтарының да қатысы бар. Өткен жылы елімізде аталмыш дерекпен 215 қылмыстық іс қозғалған. 43 адам істі болып, жетеуі қамалыпты. «Қырып-жоямын» деп елді дүрліктіріп жүргендердің жартысы, яғни 19-ы кәмелетке толмағандар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
15.02.2024
Заңгерлер санасы қалыптаспаған, сенгіш келетін жасөсіпірімдердің көп болуын, тікелей террористік ұйымдар мен деструктивті діни ағымдағылардың ісі деп отыр. Олардың көздегені не?
«Бомба қойылды», «қынадай қырамыз», «көзге көрінгенін атамыз» деп сөзіне айғақ ретінде сан түрлі қарудың фотосын желіге жариялайтындар биыл кәдімгідей көбейді. Мұндай өтірік ақпарат Алматы, Ақтөбе, Атырау мен Павлодарда тарады. Жақында ғана Қарағандыдағы білім ошағында ойран саламын деген 7-сынып оқушысы, Қостанайда 4-сынып оқушысы ұсталды. Расымен де елді дүрліктіріп жүргендердің дені 11-15 жас аралығындағы жасөспірім. Психологтар мұны балалардың тұлғалық болмысының пісіп-жетілмеуінен деп отыр.
Жұлдызай Әлиева, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі:
— Бірінші — өзіне назар аударту. Өйткені отбасында кикілжіңдер болуы мүмкін. Ересектердің тарапынан дұрыс қарым-қатынас болмауы мүмкін. Екіншіден, нақты сол кезеңде қиналыс жағдайы болуы мүмкін. Мектепте қандай да бір бақылау жұмысы, емтихан болуы мүмкін. Сол кезде ел наарын басқа жаққа аудару үшін, қиындықтан шығу үшін сондай әрекет жасауы мүмкін.
Үшінші нұсқа да бар. Санасы әлі қалыптаспаған, сенгіш келетін жасөспірімдерді деструктивті діни ағымдағылар мен террористік ұйымдағылар пайдаланады дейді заңгерлер. Яғни жариялағаны үшін ақшалай болсын, затпен болсын сыйақы беремін деп алдайды. Қыз болса, көңілін аулайды. Ал салдарын түсінбеген бала осыған дейін таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, жаңа ашылған Телеграм арналарына жүктейді.
Ғабит Өмірбеков, заңгер:
— Мақсаты — бала хабарлап, «осындай жерде бомба қойылған, қазір жарамын, аты-жөнім осындай» деп айтса, полиция қызметкерлері, құқық қорғау органдары бар күшін соған жұмсайды. Сол сәтте терорлық ұйым өзінің іс-әрекеттерін басқа жерден жасауы мүмкін. Олар назарын басқа аудару әдісі, былайша айтқанда. Сөйтіп здерінің заңсыз іс-әрекеттерін басқа жерде істей береді.
Заңгерлердің бұлай дейтіні, ішкі істер министрлігі еліміздегі жалған террористік ақпараттардың таралуына шетел азаматтарының қатысы бар екенін анықтаған. Бірақ анық-қанығын әлі айтпады.
Альбина Махамбетова, ІІМ имидж жұмыс және ішкі коммуникация департаментінің бастығы:
— Қазір Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды. Шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Алайда тергеу мүддесіне байланысты біз әзірге бұл фактілер бойынша толық түсініктеме бере алмаймыз.
Терроризм жайлы жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіріп жүргендерге жаза қарастырылған. 18 миллионнан астам теңге айыппұл төлеуден бастап, тіпті бес жылға дейін қамалуы мүмкін. Ересектер оны білгенімен, бірақ ойын баласы, яғни оқушылар көбіне түсіне бермейді. Сондықтан психологтар да, заңгерлер де бірауыздан бірінші кезекте «отбасы тәрбиесіне баса назар аудару керек» деп отыр. Кейін білім ошағында да жалған ақпараттарға қатысты түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізген жөн деп санайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!