Түркістан облысында қасқыр мен шибөрі жаппай мал қырып жатыр
Түркістан облысында қасқыр мен шибөрі малдарды қырып жатыр. Ит-құстан әсіресе Сырдария өзенін бойлап орналасқан ауылдар зардап шегуде. Ұсақ малды айтпағанда, тоғайға кірген жылқы мен сиыр сау қайтып жатқан жоқ дейді тұрғындар. Жыртқыштардың тым көбейіп кеткенін жұрт аңдарды аулауға тиіс мамандардың сылбыр жұмысымен байланыстырады. Бірақ жауаптылардың өз уәжі бар.
Автор: Бек Әбиев
15.02.2024
Малын жаюға тоғайға жіберген жұрттың жылқысы мен сиыры сол тоғайдан шықпай жатыр. Сырдария өзенінің бойында қасқыр мен шибөрі қаптаған. Басқа жайылым жер жоқ болған соң жұрт амалсыз тоғайға жібереміз дейді. Бірақ кірген мал түгел қайтпайды екен. Жарты жылда 23 жылқысын жыртқыштарға жем қылған Рысбай Әбдіхалықов көктемде төл алуымыз екіталай дейді.
Рысбай Әбіхалықов:
— Төл ала алмаймыз. Малдың өзін таппай қаламыз деп тұрмыз, есептеп. Ол алты айда 23 бастан кетсе, малдың өсіп-өнуіне еш мүмкіндік жоқ. Мал болғанда жылқы ғой. Үлкенді-кішілі. Екі жасар мен сегіз айлық осы арада.
Тоғайдың іргесіндегі ауылдарда шибөрілер емін-еркін жүретін болды дейді. Жыртқыш аңның басынғаны сондай, ауладағы иттің асын жеп кететін жағдайлар да бар дейді. Сондықтан қас қарая әжетханаға топтанып шығатынын айтқан тұрғындар, әсіресе балаларына алаңдайды.
Нұрман Халықов:
— Бала-шағаны сыртқа шығару мүмкін емес. Шибөрінің адамға шабатыны бар. Кішкентай бала жалғыз жүрсе қауіпті. Өйткені шибөрі жалғыз жүрмейді, топ-топ болып жүр. Ересек адамға да шабады.
Мәселен, бірер күн бұрын ғана тұрғындар Көкмардан ауылындағы балабақшаның маңынан бір шибөріні жабылып жүріп өлтірген. Тіпті видеоға түсіріп әкімдікке де жолдапты.
— Мынау балабақша. Мынау мешіт. Осы жерді шибөрілер мекендеген. Мына жақтың бәрі үй.
Негізінен малмен күнелтіп отырған Отырар ауданының кей тұрғындары аңға талана берген соң, малының бәрін сатып жіберген. Енді тауық пен иті жем болмас үшін қорасын қымтап әлек.
— Түнде де, күндіз де шибөрілер торуылдап жүр.Тесік-тесікті қымтап қойдық. Малдан- мал қоймайды.
Малы жыртқыштарға жем боп жатқан жұрт онымен күресе алмайтынын айтады. Себебі некен-саяқ адамға ғана мылтық ұстауға рұқсат берілген. Оның өзінде тек екі-үш аңды атуға болады. Әйтпесе қыруар айыппұл салынады екен.
Ит-құстың көзін жоюшыларды мемлекеттік сатып алу арқылы ұтқызғалы шибөрі мен қасқыр қаптапты. Жыртқыштармен күресуге тиіс мамандар аң аулаумен емес, есеп жабумен әлек дейді. Мысалы, атып алған бір шибөріні бірнеше жерге сүйреп фотоға түсіріп, тендерін жауып отырғанын айтады.
Ерғали Маханов:
— Үш жыл бұрын көрдім. Жолды білесің ғой деді, сөйтіп салып алды. Бір шибөріні атып алған, 4-5 жерге фотоға түсіріп, кетіп қалды, болды. Орман шаруашылығы жағында ұсталсаң, мысалы, 180 мың айыппұл. Жай ғана мылтықты атпай-ақ қабынан шығарсаң болды, айыппұл төлейсің.
Орман шаруашылығына жауаптылар жыртқыштарды жоюды тендерге салу бірнеше жыл бұрын болған деп отыр. Соңғы бірер жылда мылтық ұстауға рұқсатты автоматтандырылған арнайы база береді. Сол әуесқойлар болмаса, жыртқыштарды қыратын арнайы кәсіби мамандар жоқ дейді.
Бақыт Мұсалиев, Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумағы инспекциясының бөлім басшысы:
— Биыл 856 шибөріге, 312 бас қасқырға рұқсат берілді. Жалпы рұқсат алған азамат саны 485 бас рұқсат алды. Былтырдан аз. Алайда бұндай жұмыс үш-төрт рет ұйымдастырылды, қасқыр мен шибөрі бойынша.
Орман шаруашылығында жыртқыштардың есебі де бар екен. Сол есеп бойынша оңтүстікте 800-ден астам қасқыр мен 14 мыңға жуық шибөрі бар дейді. Ал оның санын азайтуда бірер күнде күнгейдің рұқсаты бар аңшыларды жұмылдыру жұмысын бастағалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!