Астанадағы көктайғақта бір тәулікте 361 адам жарақат алған
Астанада да аяз күшіне мінді. Кешелі бері сынап бағанасы минус 35 градустқа дейін төмендеген. Көше мұз айдынына айналып, көліктерден бөлек, кәрі мен жас көктайғақтың зардабын тартып жатыр. Қолайсыз ауа райы тағы қандай кедергісін келтірді?
Автор: Мерей Қалиасқар
16.02.2024
Арқаның арқыраған аязы ақпанда ашуға мініп, қытымыр қыс қыспаққа алды. Түннен бері сынап бағанасы 33-35 градус суықты көрсетіп, тіршілікті тұралатып тастады. Үскірік аязда төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы қауырт. Олар көлікті от шығаратын құралдармен жылыту қауіпті екенін ескертсе де, отқа оранған машина саны азаймай тұр.
Сақылдаған сары аязда жылы тұрақта тұрмаған көліктер от алмай жатыр. Есесіне көлікті қыздырып беретіндер, яки эвакуаторлар қызметі сұранысқа ие. Соңғысы бір күнде 7-8 көлікті жеткізіп береді. Бұл нағыз қалтаны қампайтатын кезең.
— Клиентті түсінем. Қаланың ішіндегі тапсырысқа 15 мың теңге. Енді мысалға жағдайыңды айтасың ғой. Солай өзің келісесің.
Көлік қатқаны былай тұрсын, қыс қаһарын әсіресе үйсіз-күйсіз жүрген адамдар тартып жатыр. Біреу-міреу қуып шықпайынша, әр жерге кіріп жылынып әлек. Өмірде қиын жағдайда қалғандарға әкімдікке қарасты қолдау орталығы көмек көрсетеді. Былтырмен салыстырғанда келушілер қатары біршама көбейген. «Демеу» әлеуметке қосу орталығы қатты аязда күніне 10-15 адам орналыстарады.
Сәуле Әбсадықова, Астана әкімдігінің "Демеу" әлеуметке қосу Орталығы" КММ бөлім басшысы:
— Аязда мобильді әлеуметтік патруль бар. Сол қалаға шығып, жылы аялдамалардан, вокзалдардан немесе подъездерден алып келеді. Көбіне аяқ-қолы үсіп жатады. Біздің орталықтың әлеуметтік көмек алу уақыты бір айдан бір жылға дейін созылады.
Қалдыбай Халмұратов:
— Құрылысшымын. Аязда жұмыс тоқтап қалды. Баратын жерім жоқ, сосын не істеймін, осында келдім. Жұмыс істеп жүріп құжаттарымды жоғалтып алдым. Рақмет, құжатымды жасап берді. Киім жағынан көмектесіп тұрады.
Травматолог дәрігерлердің айтуынша, тайғанап құлаған науқас саны артқан. Бір тәулікте жарақат пункттеріне 361 адам түсіпті. Оның ішінде көшеде қол-аяғын жарақаттаған 152 адам медициналық көмекке жүгінген.
Бақытхан Секейхан, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:
— Көше жарақатпен көп адам тіркелді. Салыстырсақ, 70-80 пайызы жарақатын көшеде алған. Жарақаттары. Сүйегі сынғандар өте көп. Алғашқы көмекті бәріне көрсетіп жатырмыз. Cүйегі сынып, сүйегі орнынан кетіп қалған науқастарды ауруханаға жатқызып, ота жасауға жіберіп жатырмыз.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері онлайн форматқа көшірілді. Астана әуежайында да бірқатар рейс кейінге шегерілді. Үсті-үстіне жауған ақұлпаны тазалауға елорданың коммуналдық шаруашылық қызметтері күн-түн демей белсене кіріскен. 15 мың текше метрден астам қар шығарылып, арнайы полигондарға мыңнан астам рейс жасалыпты.
Синоптиктер алдағы күндері де Астанада қолайсыз ауа райы сақталады деп ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!