Аязда қалған жүздеген жолаушыны құтқаруға тікұшақ жұмылдырылды
Сақылдаған сары аязда жолда қалған жүздеген жолаушы құтқарылды. Абай облысында қар құрсауында қалғандарға арнайы көлік жете алмаған соң, қорғаныс министрлігінің тікұшағын жұмылдыруға тура келген. Қазір еліміздің бірқатар өңірінде сынап бағанасы 38-40 градуске дейін төмендеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.02.2024
Дизельмен жүретін көліктерге қақаған аяз қауіпті болып отыр. Машиналардың майы қатып тоқтап жатыр. Алты аймақтағы мектептерде оқушылар онлайн оқып жатыр.
Ақмолалық құтқарушылар қақаған аязда жол үстінде қалған 200-ге жуық адамды құтқарды. Оның 20-сы — бала. Астана-Челябі бағыты бойынша жүретін рейс автобус техникалық ақауға байланысты тоқтап қалған. Жақсы кентінің жылыту бекетіне 64 адамды жеткізуге тура келген. Барлығы Өзбекстан азаматтары.
— Екі Өзбекстан азаматты тоңып қалған. Соны жылы жерге, кемпингке апардық. Өзінің жүргізушілеріне, ауылындағы еліне — бәріне Ақтөбеде суық, келмеңдер деп жатыр қазір. Дұрыс па? Бір апта суық болады. Қазір 38 градус аяз.
Бұл Ақтөбе облысында көлігі бұзылып аязда қалған қос шетелдік азамат. Дірдектеп отырған жерінен «Қазавтожолдың» жұмысшылары тауып алыпты. Қазір Ақтөбе облысында да сынап бағанасы 35-38 градуске дейін төмендеп кеткен.Бұған дейін боранда көлік қатынасы қиындаған Қарабұтақ ауылы мен Хромтау қаласының арасында тағы да кептеліс. Бұл жолы аязға қатысты жол жабылғанда жүк көліктерін жүргізушілер қалай болса солай қойып тастап, трассаны тазартуға кедергі бөгет болды. Қатты аяздан көліктердің майы да қатып жатыр.
Абай облысында ақ шұнақ боранда қалғандар құтқарылып жатыр. Бұл өңірде шыңылтыр аяздағы бораннан ат құлағы көрінбейді. Кешелі бері Қалбатау- Көкпекті бағытындағы тас жолда 100-ден астам көлік қар құрсауында тұр. Оның ішінде оғамдық автобустар да бар. Алайда мамандарға үскірік аязда желдің жылдамдығы 28 метр секундты құрағандықтан, күре жолдағы ақ ұлпаны аршу мүмкін болмай жатыр. Енді бұрқасында қалған жұртты Көкпекті ауылына жеткізу үшін Семейден қосымша күш жіберілді. Тасымалға тікұшақ та қарастырылды.
Манарбек Шапағатов, Абай облысы ТЖД бастығы:
— Құтқару жұмыстарын жүргізу орнына қосымша түрде 61 адам және 23 техника жіберілді. Жақын маңдағы елдімекендерде халықты уақытша орналастыру пункттері дайын. Апаттан құтқару жұмыстарын жүргізуде аязбен боранғ екпінді жел қиындық тудыруда.
Сарышұнақ аяздан еліміздің бірқатар өңірінде балаларға сабақ тоқтатылып, қашықтан оқып жатыр. Астанада, Семей, Қостанай мен Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының оқушыларына мектепке келуге де, қақаған аязда сыртқа шығуға да тыйым салынды.
Дина Балмұханова, №23 мектеп директоры:
— Бірінші және екінші аусымда оқитын 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшірілді. Бұл оқушылардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау үшін жасалған қадам. Күн суық. Балалардың мектепке жетуі қиын болады.
Синоптиктер сақырлаған сары аяз арктикалық антициклон әсерінен деп отыр. Шығыс пен солтүстік өңірлерде апта соңына дейін сынап бағанасы минус 35-38 градустан көтерілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!