«Шығынын мойнымызға ілмекші». Ақтөбеліктер электр құнының қамбаттауына наразы
Ақтөбеліктер электр құнының қамбаттауына қарсы. Жарыққа жауапты мекеме тарифті 30 пайызға өсіруді көздеп отыр. Бірақ олардың бұл ниетін қоғамдық тыңдауға келгендердің бірде-бірі құптамады. Әсіресе дүкеншілер мен бау-бақша ұжымдары наразы.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.02.2024
Амангүл Көптілеуова, жеке кәсіпкер:
— Бүгінде 44 теңге төлеп отырмыз. Шығындарын біздің мойнымызға іліп жатыр. Қазір 40-50-60 шаршы метрге шағын дүкендердің өзі 100-ден 150 мыңға дейін төлеп отыр. Шағын кәсіпкерлерге қиын жағдай болып тұр.
Электр тарифіне қатысты талқылау өтетін жерге жиналғандардың қарасы көп. Тұрғындар күннен-күнге қымбатшылық қысып жатқанына наразы. «Жарыққа төлейтін ақымыз онсыз да көп» деп ашынады жеке кәсіпкерлер. Себебі, электр тарифін белгілерде бизнес саласын бөлек іріктемеген. Шағын дүкенді ірі кәсіпорын, зауыттармен теңестіріп қойған.
Ал жеке секторда тұратын тұрғындарға қарағанда бау-бақша ұжымында тұратындардың да электрге төлейтін ақысы екі түрлі. Саяжайдағылар екі есе қымбат төлейді. Сондықтан тарифті дәл қазір «отыз пайызға көтеру — әділетсіз» деді жиналғандар. Ал қоғамдық тыңдауға қатысқан жауапты мамандар электрді сырттан сатып алатынын және оны сатып алу құны да қымбаттағанын айтып ақталады.
Руслан Күйшінов, «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облысы филиалы директорының орынбасары:
— Шағын бизнес өкілдері үлкен өндіріс орындары секілді электрге ақы төлейді. Бұл әділетсіздік. Бізге жеке кәсіпкерлер осы мәселеге қатысты үнемі шағым айтып жатыр. Осы күні өзекті мәселе болып отыр. Мұны жан-жақты , дәлелмен шешу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!