Іле ауданы білім бөлімінің басшысы 680 миллион жымқырды деген күдікке ілінді
Алматы облысында Іле ауданы білім бөлімінің басшысы 680 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бюджеттің қаражатын оңды-солды шашып жүрген шенеуніктің ізіне антикор түскен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
19.02.2024
Тергеу мәліметінше, Ләззат Қаткеева аудандағы орта мектептерде ресми түрде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аударып келген. 40 шақты адамның білім бөліміне мүлде қатысы жоқ болса да, банк картасына 3 жыл бойы ай сайын айлық түсіп отырған деген де мәлімет бар. Шенеунік мұнымен тоқтамай, өзінің лауазымын пайдаланып, көлік жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы қылып жұмысқа орналастырыпты. Осылайша 5 миллионға жуық теңге айлық төленген.
Білім бөлімінің басшысының қолына кісен өткен салынған. Ал әлеуметтік желіде Ләззат Қаткееваның уақытша ұстау изоляторынан жазған хаты жүр. Арыз-шағымын ол тікелей Бас прокурорға арнапты. Онда бюджет қаражатын жымқыруға қатысы бар өзге қызметкерлердің барын айтқан. Хат соңында Қаткеева аштық жариялайтынын жазып, соған итермелеген адамдардың атын атапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!