«Өтінім 10 наурызға дейін». «Мың бала» жеңімпаздары үздік мектепке жолдама алады
Білімді мыңды жығар. Биыл бесінші мәрте өткізіліп отырған «Мың бала» олимпиадасы 6-сыныпта оқитын ауыл оқушыларына жақсы мүмкіндік сыйлап отыр. Сынақтан сүрінбей өткендер дарынды балаларға арналған үздік мектепке жолдама алады. Зияткерлік білім жарысына қатысуға өтінім 10 наурызға дейін қабылданады. Ал тіркелу үшін оқушылар бар болғаны 1000bala.elumiti.kz сайты арқылы онлайн өтініш қалдыра алады.
Автор: Мерей Қалиасқар
19.02.2024
Абылайхан Қайроллаев, «Мың бала» жобасының үйлестірушісі:
Еліміз бойынша 159 мыңға жуық ауылды мекенде 6 сыныпта оқитын оқушылар бар. Біздің олимпиадамызға 100 мыңға жуық оқушы қатысады деген болжау жоспарлаудамыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда 24 жылғы олимпиадамыз 1 кезеңде прокторинг системасы арқылы өтеді. Әрбір оқушы өзінің веб камерасымен біздің ұйымдастырушы алқасына қосылып, әрбір оқушы веб камерасымен және де оның веб браузерін бізге көрсетіп отырады.
Бірегей зияткерлік жарыс оқушылардың талабын ұштап, білімнің биік белестеріне жетелеп, жол ашып келеді. Және басты ерекшелігі, тек ауыл мектептеріне арналған. Нәтиже бойынша ең зерек мың бала іріктеліп, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші білім ошақтарында, мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік беріледі. Төрт жыл ішінде олимпиадаға еліміз бойынша 671 мыңнан астам ауыл мектептерінің оқушылары қатысқан. Осы аралықта олимпиаданың 4 мың жеңімпазы анықталып, олардың 1374-і дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданған. Ұлттық жобаның бас демеушісі – «Ел Үміті қоры». Білім сайысының шарапатын көрген оқушылар олимпиада «алғыр жастардың алға ұмтылуына сеп болады» деген ойларымен бөлісті.
Зинаб Айтбаева, Астана қаласы, №2 «Дарын» мектеп-лицей интернатының оқушысы:
— Мен бұрын Ерейментау ауданында, Еңбек ауылындағы мектепте оқыдым. Ал қазір осы «Мың бала» олимпиадасының арқасында мен Астана қаласында «Дарын» №2 мектепте оқимын. Ауылда оқитын балаларға жақсы мүмкіндік, осындай мамандандырылған мектептерде оқуға арналған. Сұрақтар қатты қиын болған жоқ. Білген адамға оңай. Математика, қазақ тілі, жаратылыстану бағытында болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!