Мәулен Әшімбаев: Көші-қон заңында ынталандырудың жаңа тәсілдерін ескеру керек
Оңтүстіктегі ағайынды солтүстікте қаңырап бос қалған ауылдарға көшіру ойдағы нәтиже бермеген. 2017 жылдан бері іске асып жатқан бағдарламаны бүгін Сенат төрағасы сынады. Сондықтан "Көші-қон туралы" жаңа заңда бұқараны ынталандырудың жаңа тәсілдері ескерілуі қажет деп санайды Мәулен Әшімбаев.
Автор: Мерей Қалиасқар
20.02.2024
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
— Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтиже бермегенін мойындауымыз керек. Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан «Көші-қон туралы» жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Сонымен қатар осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет.
Демографиялық ахуалы сөз болған Үкімет сағатында спикер өңірлердегі статистиканы мысалға келтірді. Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда азаюда. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Қостанай облыстарында халық саны біршама азайған. Бұл ретте Әшімбаев әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да дамуын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті. Өйткені елдің экономикалық дамуы халық санымен, азаматтардың тұрмыс деңгейімен, сондай-ақ еңбек ресурстарының қолжетімділігімен тікелей байланысты дейді Сенат төрағасы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!