{metadescription}
Түркияда Диярбақыр өңірін туризм орталығына айналдыруды көздеп отыр
Түркияда Диярбақыр өңірін туризм орталығына айналдыруды көздеп отыр

Түркияда Диярбақыр өңірін туризм орталығына айналдыруды көздеп отыр

Түркия билігі туризмді дамытудың тың жолына түсті. Әлемнің әр түкпірінен келетін саяхатшылар енді тек теңізге шомылып қана қоймай, тарихи орындарды да аралайды. Ол үшін елдің оңтүстік-шығысындағы Диярбақыр қаласының маңындағы көне бекіністер мен қамалдар қалпына келтірілуде.

Мәселен, он жылдан бері археологтар Зерзеван әскери қалашығын аршып жатыр. Бірақ үш мың жыл бұрын салынған бекіністі толық қалпына келтіруге жүз жыл керек. Түркияның тарихи орындарын аралап келген КТК тілшісі толығырақ баяндайды.

Түріктер туризмді тек теңіз жағасында дамытып жатқан жоқ. Елге саяхатшыларды көптеп тарту үшін тарихи-мәдени нысандарын да қалпына келтіруде.

Мәселен, біз елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Зерзеван әскери қалашығында тұрмыз. Бұл қамал осыдан үш мың жыл бұрын салынған екен. Ал, он жыл бұрын археологиялық қазба-жұмыстары басталған. Әзірге тек қаланың бір пайызы ғана аршылған. Ал топырақ астында 99 пайыз тарих тұнып жатыр.

Ұзындығы 1200 метрге созылып жатқан бекініс Диярбақыр қаласынан елу шақырым жерде орналасқан. Кезінде римдіктер салған әскери қамалды толық аршуға әлі жүз жыл керек дейді ғалымдар. Сан ғасырдан бері сақталып қалған тарихи орын 3-7 ғасыр аралығында әскери бекініс ретінде қолданылыпты. Сол заманда ауыр техника мен қазіргідей құрылысқа қажет құрылғылар болмаған. Соған қарамастан ежелгі архитекторлардың тапқырлығына таңқалмай қоймайсың. Өйткені Зерзеван бекінісінің астында ұзындығы елу шақырымға созылған жерасты жолы бар. Археологтар соны толық қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде Зерзеван қамалын көруге жыл сайын 400 мың турист келді екен. Оның алпыс мыңы шетелдіктер. 2020 жылдан бастап бұл бекініс ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Шиван Аюз, археолог:

Қазба жұмыстары кезінде әртүрлі дәуірге тиесілі жәдігерлер табылып жатыр. Олар ассириялықтар, парсылар және римдіктерге тиесілі. Біз тек бекіністің бір пайызын ғана зерттедік. Әлі 24 метр тереңдікте аршылмаған, бізге беймәлім тарих жатыр. Бірақ қазірдің өзінде бұл әскери қамалда жауынгерлерден бөлек, олардың отбасы мүшелері де тұрғанын байқауға болады. Оған қазба жұмыстары кезінде әйелдердің әшекейлері мен балаларға тиесілі бұйымдардың табылуы дәлел.

Диарбақырдың іргесіндегі Егил қаласы да туристердің көп келетін орны. Өйткені мұнда діни туризм жақсы дамыған. Тигр өзенінің бойында Құран кәрімде аты жазылған 25 пайғамбардың екеуі жерленген екен. Қасиетті жерге тәу етіп, құран бағыштау үшін жыл сайын жарты миллионға жуық турист келеді.

Волкан Хулюр, Егил қаласының мэрі:

Қазір жергілікті тұрғындар туристерді күтуге дағдылана бастады. Өз үйлерін дайындап, қонақжайлар жасап жатыр. Алдағы бес жылда Егил қаласы саяхатшылардың сұранысына ие орын болады деп ойлаймын. Өйткені жолдар салынып, тарихи нысандарда қазба жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Егилді «Аққала» деп те атайды. Себебі шағын шаһардағы ғимараттардың бәрі ақ түске боялған. Небәрі 25 мың халқы бар бұл шаһар енді өзге саяхатшыларды да күтуге дайын. Ол үшін Түркияның туризм министрлігі арнайы жоба жасап, алдағы бес жылда елдің оңтүстік-шығысындағы Диярбақыр өңірін туризм орталығына айналдыруды көздеп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде