«Адам басына 10 мың доллар». Таиландта құлдықта болған қыздар құтқарылды
«Адам басына 10 мың доллар». Сыртқы істер министрлігі Таиландта құлдықта болған екі қыздың аман-есен құтқарылғанын хабарлады.
Автор: Мерей Қалиасқар
21.02.2024
Бірақ сол құлдықтан құтыла алмай жүргені қаншама. Министрліктің дерегінше, қазіргі таңда Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде 100-ге жуық қазақстандықтар құлдықта жүр. Соңғы екі жылда Таиландпен шекаралас орналасқан Мьянма, Лаоста 200-ге жуық отандасымыз тәнін саудалауға, еркінен тыс қара жұмысқа жегілген. Сол жақтағы дипломаттарымыздың көмегімен Мьянма мен Лоас аумағынан 28 қазақстандық шығарылыпты. Тағы 60-қа жуық отандасымыз елшілікке жүгінбей, өз күшімен елге оралған.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
— Қаңтардың соңында Таиландағы консулдыққа «Мен Қазақстанның азаматымын, джунглидің ішіндемін, қай мемлекет екенін білмеймін... Жұмыс бабымен құлдыққа түсіп қалдым, көмектесіңіздер» деген хабарлама түсті. Сөйтсек, біздің екі азаматымыз алданып, «алтын үшбұрышта» құлдыққа түсіп қалған. Қызығы, екеуінің де жоғары білімі бар, бірнеше тіл біледі. Олар интернеттегі хабарламаны көріп Таиландқа барған ғой, жұмыс істеуге. Әр адамның басына 10 мың доллардан ақша сұраған. Жергілікті билікпен қосылып екі қызды құтқардық. Қазір Қазақстанға ұшақпен ұшып келе жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!