Еркін Рақышевтың "Жаралы сезім" мелодрамасының екінші бөлімі түсірілді
"Жаралы сезімнің" жалғасы. Танымал режиссер Еркін Рақышевтың көптің көзайымына айналған туындысының екінші бөлімі көрерменге жол тартты. Режиссердің 2007 жылы түсірілген тырнақалды туындысы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген болатын. Екі жастың махаббат хикаясымен өрілген картинаның жалғасын алғашқылардың бірі болып КТК тілшісі көріп қайтты.
Автор: Ақтоты Жұмабек
21.02.2024
«Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді». Бұл сөз тіркесінің ғашықтар арасында жатталып қалғаны қашан. Осы фильмнен кейін Көктөбенің басында сезімін білдіретін жастар көбейген. Тіпті жұрт жаңа туған қызына Арай, ал ұлына Қанат есімін бере бастады. Себебі осыдан 17 жыл бұрын режиссер Еркін Рахышевтың «Жаралы сезім» фильмінің аты жер жарған. Кезінде көрерменге бұл туындыны тауып көру қиынның қиыны болған-ды. Фильмдегі Арай, Қанат, Иван, Сократ, Боксер деген кейіпкерлерді сомдаған жастар халықтың қошеметіне бөленді.
«Жаралы сезім-2» фильімінде де аталған актерлар құрамы өзгермепті. Кинокартинаның режиссеры Еркін Рақышев фильм арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғағым келді дейді.
Еркін Рақышев, режиссер:
— Біз осы кинода есірткінің арты қандай қасірет келетінін көрсетеміз. Тек оны қолданған адам емес, оның жолдастары, жақындары, туыстары қасірет шегетінін көрсету. Және оны сататын адамдарды күні ертең не күтіп тұрғанын көрсетеміз. Түсінген адам есірткіге жоламайды ғой деп ойлаймыз.Сондай бір тәрбиелік мәні бар, жақсы кино.
Фильмнің желісі бойынша Қанат пен Арайдың ұлдары Азамат есейеді. Жас жігіт есірткі саудасымен айналысады және есірткіге тәуелді болады. 22 жастағы Азаматтың рөлін актер Абай Мәжит сомдаған. Қазіргі қоғамның ауыр дертіне айналған есірткіге тәуелділік фильмнің басты тақырыбына айналды.
Абай Мәжитов, актер:
— Азаматтың қиын тағдыры. Аяқ астынан жаман жолға түсіп кетеді. Қазіргі жастарымыз көп қой, синтетикалық наркотикке тәуелді болып өмірдің қиыншылығын сүріп жатқан. Азаматта сол жастардың қатарынан болады. Фильмнің соңында көретін боласыздар, не үшін сол қадамға барғанын. Қазіргі заман мәселесін қозғадық.
Көрермен фильм арқылы Қанат, Иван, Сократ сияқты кейіпкерлерді сомдаған актерлармен қайта қауышады. Ал бүтін бір Алматыны бір алақанына сиғызған Арайдың рөлін Регина Шамғұнова есімді актриса ойнайды. Алайда фильмнің жалғасына ол түспепті. Режиссер кастинг арқылы Балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Әсем Қашағанованы таңдаған. Фильм ертеңнен бастап қалың көрерменге жол тартады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!