Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылады
Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылады. Сауда министрінің айтуынша, ғимараттың құрылыс жұмысына қаражат қажет емес. Себебі нысан ретінде Дубайдағы EXPO 2020 дүниежүзілік көрмесіне арнайылап салынған Қазақстан павильоны екен.
Автор: Мерей Қалиасқар
21.02.2024
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
— Біз сауда миссиясын ұйымдастырып, ол жерге өз өндірушілерімізді апарғалы жатырмыз. Қателеспесем, қазірдің өзінде кәсіпкерлерден 40-тан астам ұсыныс түсті. Ғимараттың бірінші қабаты көрме ретінде болады, онда отандық өнімдеріміз ұсынылады. Ал екінші қабатта тұрақты түрде жұмыс істейтін коворкинг орталығы болады. Ол жерде біздің қазақстандық қызмет көрсетіледі. Басты ерекшілігі де сол, біз алғаш рет өнімді ғана емес, қызметтерімізді де көпшілікке көрсетеміз.
«Қазақстан» сауда үйі келесі аптада ашылмақ. Мақсаты— бос тұрған павильонды барынша тиімді пайдаланып, отандық тауарлардың сатылымын көбейту. Ол тек қана қазақстандық тауарлардың көрмесі ғана емес, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы инжиниринг қызметі, медицина мен ІТ саланың өнімдері ұсынылған бірегей алаң болмақ.
«Орталық арқылы Таяу Шығысқа да өнімдерді көрсетуге мүмкіндік туады», - дейді Шаққалиев.
Жалпы экспорттық статистикаға айтарлықтай өсім береді деп күтілуде. Сауда миссиясына шамамен 23 млн доллар көзделіпті. Соның қазірдің өзінде 18 миллион долларына келісімшарт бар көрінеді. Бұл қазақстандық тауарға сұраныс бар деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!