Атыраулық блогерсымақ кәсірлерді бопсалап, жоқ жерден ілік іздеген
Атырауда кәсіпкерді бопсалаған блогер қамауға алынды. Ол супермаркет иесінен 2 миллион теңге ақша талап етіп, тіпті елу мың теңгеге жуық тауардың ақысын төлемей алып кеткен.
Автор: Жанат Молдашова
23.02.2024
26 жастағы атыраулық жігіт бұған дейін де сауда орталығында бірнеше мәрте бейнежазба түсіріп, түрлі айып тағып, әлеуметтік желіде шу шығарыпты. Кейін «теріс ақпарат таратпаймын, бәріне көз жұмамын» деп, кәсіпкерден қомақты қаражат талап етеді. Бұл блогерсымақ өзге де жеке кәсіпкерлерлік нысандарға барып, жоқ жерден ілік іздеп дауласуды дағдыға айналдырған сыңайлы. Оған қоса атыраулық полицияның қызметінен мін іздеп, жұмысына кедергі жасап, дөрекілік танытқанын парақшасына жиі жүктеп отыратын. Сондай-ақ, «белсендімін» деп, сот ғимараттарын да емін-еркін аралап, ондағы қызметкердің бірінің ақшасын ұрлап алды деген күдікке ілінген. Қазір күдікті қамауда. Ұрлық және бопсалау деректеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД ресми өкілі:
— Қаражат бопсалады деген күдікке ілінген 1997 жылы туған әлеуметтік желі белсенді қолдаушысы анықталып ұсталды. Қазір ол қамауда. Оған қатысты бопсалау, ұрлық деректері бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктінің өзге де қылмыстарға бар-жоғы анықталып, тұрғындардан қандай да бір ақпаратқаа куә болса, кері байланысқа шығуын сұрап жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!