Бейнеуде фастфудтан 37 адам уланған
Маңғыстау облысында фастфудтан уланғандар саны 37 адамға жетті. Астан ұшынғандар арасында сегіз бала мен екі жүкті әйел бар. Қазір 27 науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем-дом алып жатыр.
Автор: Әйгерім Ашықбаева
26.02.2024
Зардап шеккендердің бәрі Бейнеу ауданындағы фастфуд өнімін сататын дәмханадан кешкі ас ішкен. Бәрі көп ұзамай өзін нашар сезініп, жедел жәрдем шақыртыпты. Қазір жеті науқастың жағдайы орташа ауыр, қалғаны бір қалыпты дейді дәрігерлер.
Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Санитария және гигиена талаптарын сақтамағаны үшін сотқа дейінгі медициналық сараптама тағайындалған. Сондай-ақ дәмханадағы азық-түлік пен тағамдардан сынама алынды. Науқастардың нақты неден уланғаны зертхана қорытындысы шыққанда белгілі болады.
Бердібек Саралтаев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
— Тергеп-тексеру жүргізілді, анализдер алдық, тамақ анализін, жұғындылар алдық, қызметкерлерден анализ алынды. Нәтижесі әлі шықпады. Жоспардан тыс тексеру тағайындап жатырмыз. Бұл нысан тамақты жеткізіп беріп отыратын қоғамдық орын деп айтып жатыр, бөлек тамақтану орны бар екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!