Үкімет Астана агломерациясын дамыту жоспарын бекітті
Ауқымды жұмыс істеуге тура келеді. Үкімет Астана агломерациясын дамыту жоспарын бекітіп, премьер-министр бес жылға жарамды құжат аясында қандай мәселерге екпін қою керектігіне тоқталды. Олжас Бектенов қалаға жақын маңдағы елдімекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемасы екенін атап өтті.
Автор: Мерей Қалиасқар
27.02.2024
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
— Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді.
Үкімет басшысы қала маңындағы ауылдарды сумен қамту, электр желілерін тарту мен жолдардың жай-күйі сияқты мәселелер күн тәртібінен түспей тұрғанын жеткізді.
Сонымен қатар елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарының жоқтығы проблемасы да өткір тұр. Олжас Бектенов тығырықтан шығуға ұсынылып отырған кешенді жоспар көмектесуі тиіс екенін атап өтті.
Жалпы күн сайын бас қалаға 200 мыңға жуық өзге өңірдің тұрғындары мен 30 мыңнан астам автомобиль кіреді екен. Жыл сайын елорда халқы 50-60 мың адамға көбеюде. Бұл ретте Астана әкімі елордаға ағылған көштің келуіне еш қарсылығы жоғын атап өтті. Жеңіс Қасымбек, әсіресе, блокбекет орнатуды талап етіп, дау тудырған мәслихат депутатының пікіріне қатысты өз ойын білдірді.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
— Бұл дұрыс емес. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Сол себепті әрбір азаматтың қайда тұрғысы келсе, сонда тұруға құқығы бар. Елорда – бәріне ортақ. Сондықтан бізде еш шектеу жоқ және болмайды да.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!