Алматыда кәріз суына апаратын жол сапасы жүргізушілерді шығынға батырған
Алматыда ассенизатор жүргізушілері наразылық білдірді. Кәріз суын тасып табыс табатындар көліктерінің жаман жолдан жаппай қирап жатқанын айтады. Өйткені лай су төгетін жерге жеткізер жалғыз жолдың тас-талқаны шыққан. Соның кесірінен күнде сынатын көлікті жөндеуге айына кемі 100 мың теңге кетеді дейді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.02.2024
Бірақ бұл мәселеге мән беріп жатқан шенеунік жоқ. Жол азабын сол маңның тұрғындары да тартып отыр. Таксиді айтпағанда, жедел жәрдем көлігі де жете алмайды.
Быт-шыты шығып жатқан жолдан ығыры шыққан жүргізушілер бүгін жұмысты тоқтатып, көліктерін қаз-қатар тізіп қойды. Бәріне бірдей кедергі келтіріп отырған — қуыс.
—Лай суды төгетін қаладағы жалғыз жер осы көшенің түбінде орналасқан. Ал онда апаратын жол біреу ғана. «Жөнделмей, ойық-ойық болып жатқанына бес жылдан асты» - дейді жүргізушілер. Біздің селкілдеп отырғанымыздан-ақ байқауға болатын шығар. Қаншалықты зардабын тартып отырғанын жанымда отырған Қанат ағамыздан сұрап көрейікші. Аға, күніне осы жолмен қанша рет өтесіз?
Қанат Қасымов, ассенизатор жүргізушісі:
— Күніне 5-6 рет өтемін. Жолымыздың сиқы осы. Бұл жолмен үш рет өткеннен кейін көлікті жөндеуге қоюға тура келеді. -Айына көлік жөндеу шығыны100 мыңнан асып кетеді.
Жол зардабын жергілікті халық та тартып отыр. Такси шақырсаң келмейді, ал ауру шалса, жедел жәрдем көлігі кіре алмайды дейді.
Жақын маңда орналасқан кәсіпорындар да жөндеу көрмеген жолдың кесірінен шығынға белшесінен батқан. Бәрі жиналып, осыдан екі жыл бұрын әкімдіктегілерге шағым түсіргенімен еш нәтиже шықпапты. Сөйтіп өздері жылда қолдан келгенше топырақ, бетон қалдығын төсеп амалдап отыр.
Манас Құрманов, жеке кәсіпкер:
— Кәсіпорын тура мына жаман жолдың арғы бетінде орналасқан. Бір көлігіңіз кем дегенде үш рейс жасайды. Орташа 20 көлік болса, үш рейске көбейтіңіз, күніне қанша рейс шығатынын. Ал мына жолдың сапасынан біздің көліктер жиі сынады. Жеке компания, сондықтан үкіметтен ешқандай көмек алмаймыз. Өзіміздің тапқан табысымызды аузымыздан жырып, сол көліктерге саламыз.
Әбдірашид Хитаков, жүргізуші:
— Рессор сынады. Шіріген кабина түсіп қалады. Дос балам 3-4 рет жүріп еді, көлігі сынды. Көлігін тиеп әкетті. Жүн тиеп алып жүрген соң, ары-бері қисайып сынады.
Әкімдікдегілер «жөндейміз» деп сендірді. Быт-шыты шыққан көшені тіпті тізімге де енгізіп қойыпты. Бірақ нақты қашан ретке келтіретінін айтпады.
Болат Байділдаев, Түрксіб ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:
— Бұл жағдайды білеміз. Соған байланысты биыл орташа жөндеуге тізімге енгіздік. Тізім жасалды. Біздің ауданнан 40 көше , 21 тротуар. Ақша бөлінген жағдайда осы көшелер жасалады.
— Мына жолдың кесірінен талай мәрте көліктері бұзылған. Қалтасынан төлеп жөндеген. Тағы созбалаңға салынып кетсе, тағы жөндеп жүре бере ме?
— Жөндеп жүреді. Енді қалай істейді?
Коммуналдық бөлім басшысының жауабы " менің нем кетеді" дегенге саяды. Енді жүргізушілер «жол жуық арада жөнделмесе, кәріз суын өздерің тасып алыңдар» деп, жұмысты тоқтатуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!