Салық органына қатысы жоқ «ақша бопсалағыш» ер адам іздестіріліп жатыр
Салықшылар желіде тарап кеткен "ақша бопсалағыш бастық" туралы бейнежазбаға қатысты мәлімдеме жасады. Алматыдағы фирмалардың біріне барып, өзін аудандағы кірістер бөлімінің «жаңа басшысымын» деп таныстырған енгезердей адамның салық органына еш қатысы жоқ. Кеңсеге келіп, компания директорынан 5 миллион талап еткен ер адам іздестіріліп жатыр.
Автор: Әсем Лесбек
27.02.2024
Компания 50 жас шамасындағы азаматтың әрекеті жайында полицияға хабарлапты. Ер адам өзін таныстырмастан, амандасып алып, кейін сондағы қызметкерге бөлек шығып кетуін сұрайды. Өзін бұған дейін Түрксіб ауданында салық қызметінің бастығы болып, қазір комитеттің қала бойынша бастығымын деп таныстырыпты. Астанаға іс-сапарға бара жатқанын айтып, мекемеден 5 миллион талап еткен. Бұл бейнежазбаны көрген Алматы мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы аң-таң. Олар мұндай қызметкердің жоқ екенін айтып, азаматтардан алданып қалмауын сұрады. Ал полиция ер адамның жеке басын анықтап, оған қатысты алаяқтық бабымен тергеуді бастады. Күдікті әлі ұсталмады.
Айжан Бекеева, Алматы мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыс және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
— Бопсалау туралы желіде таралған ақпараттың жалған, шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Аталған оқиғаға байланысты қызметкер салық органында жұмыс істемейтінін хабардар етеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!