Жұмыстан босатылған судьяларға екінші мүмкіндік беріледі
Жұмыстан босатылған судьяларға екінші мүмкіндік беріледі. Депутаттар Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл ретте лауазымдарына сәйкес келмеген судьялар өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін бірден өзге салада немесе басқа мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығына ие болмақ.
Автор: Мерей Қалиасқар
28.02.2024
Бұл норма судьялармен қоса басқа да мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Жалпы Конституциялық сот тәртіптік нормаға жат қылық жасағаны үшін жұмысшыны өмір бойына қызметтен шектеу Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылғандар бір жылдан кейін, ал тәртіптік теріс қылық жасағандар екі жылдан кейін жұмысқа қайта оралуына мүмкіндік бар. Үш жылдан кейін әкiмшiлiк заңбұзушылық жасаған шенеуніктер, ал бес жылдан кейін ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар мемлекеттік қызметке оралуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық пен ауыр қылмыс жасаған, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында болған азаматтар мемлекеттік қызметке өмір-бақи жолай алмайды.
Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
— Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді. Заң жобасында мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі шектеулерді салааралық саралау көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!