Алматыда оқушылары сатыда қысылып қалған мектеп директоры жұмыстан қуылды
Алматыда оқушылары сатыда қысылып қалған №41 мектеп директоры жұмыстан қуылды. Келеңсіз жәйтқа оқушылардың киім ауыстыруы дұрыс ұйымдастырылмағаны себеп болған дейді білім басқармасындағылар. Бұл оқу ошағында орын саны да тапшы екен. 870 балаға арналған ғимаратта қазір 1400-ден аса оқушы білім алып жүр. «Директордың жұмыстан босатылуымен мектеп қабырғасы кеңеймеді» деген ата-аналар балаларын осы оқиғадан кейін сабаққа жіберуге қорқып қалған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
28.02.2024
Үстіндегілері қол бұлғап қызық көріп тұрса, аяқтың астында тапталып қалғандары жанұшыра шыңғырып жатыр. Бұл оқиға күні кеше қаладағы №41 мектепте болған. 5-сыныптың оқушылары сабақтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге лап бергенде, бәрі кішкентай ғана баспалдақта қысылып қалған.
Роза Асылова:
— Құлап жатқанын, бірін-бірі таптап жатқанын көргенде, мыналар қазір бізді таптап кетсе, жағдайымыз не болады деген үреймен дірілдеп келді балалар. Өліп кетем бе дегендей, сондай бір қорқыныш болған. Кішкентай балалар ғой.
Алтынай Әбдірахманова:
— Кеше сол видеоны көріп шошып, жүрегім жаман ауырды. Шыны керек, мұндай сұмдыққа апарады деп ойламаптым. Негізі кезекші апай болу керек. Күзетшілер де отыру керек. Баламызды уайымдамай, мектепке кірді деп жібереміз. Апайлар бар, қарайды деген сияқты. Ал енді кешегі жағдайдан кейін қорқыныш бар.
Бұл мектеп негізі 870 балаға есептелген. Бірақ, қазір 1426 оқушыны сыйғызып отыр. Оқушылардың шамадан тыс көптігін біле тұра, қадағалаудың неге болмағанын мектеп басшлығынан сұрағымыз келіп еді... Алдымызға шығып жауап беру түгілі, ішке де кіргізбей қойды.
— Біз де түсіреміз. Біз де түсіреміз.
— Жоқ түсірмейсіңдер.
— Құрметті көрермендер, қараңыздар, мемлекеттік мекеме болса да, ішке кіргізбей отыр. Алдында тұрғанымызға сағаттан асты. Сұхбат бермейміз дейді. Құдды бір ерекше қорғалатын аймақ сияқты.
«Жиналыстамыз» деген желеумен басшылық сол күйі шықпады. Мән-жәйді түсіндірмеді. Тек, киім ауыстыратын бөлмедегі оқиғадан кейін мектеп директорының орнынан босатылғаны мәлім.
Ләззат Жылқыбаева, Алматы білім басқармасының басшысы:
— Мұның басты себебі — көрсетілген күні оқушылардың киінуін дұрыс ұйымдастырмау. Бұрын бұл мектепте мұндай жағдай байқалмаған болатын. Мектеп оқушылары зардап шеккен жоқ. Ал оқу процесін ұйымдастыруды бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры атқаратын лауазымынан босатылды.
Самғау-2 шағын ауданында мектеп жасындағы балалар көп. Былтыр жаңа білім ошағының құрылысы басталыпты. Төрт жарым гектар аумақта орналасқан мектептің сыймдылығы екі мың оқушыға. Қазір үш қабатты ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Ол жоспармен осы жылдың аяғында соғылып бітуге тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!