Шымкентте жастарға салынған көпқабатты үй бес жылға жетпей қирап жатыр
Шымкентте жас отбасыларға арналып салынған көпқабатты үй бес жылға жетпей қирап жатыр. Сапасыз құрылыстың қабырғаларына сызат түсіп, саусақ сиятындай жарықтар пайда болған. Тіпті төбесінен су сорғалап, жертөлесін нәжіс басқан. Ащы иіске тұншығып отырған 64 пәтердің тұрғындары тиісті орындарға мәселесін сан мәрте айтқанымен, еш нәтиже жоқ. Ал шенеуніктер қабырғадағы сызаттар «қалыпты нәрсе» деп қол қусырып отыр.
Автор: Бек Әбиев
28.02.2024
Мынадай видеоларды тұрғындар әр жауын-шашыннан соң шенеуніктерге жіберіп үйренген. Нөсер төккен сайын төменгі қабаттарға дейін малмандай су болып, пәтер жылымайды екен. Тұрғындар электр пешін өшірмейді. Бұл аздай, екі жылдан бері көпқабатты үйдің қабырғаларында сызат пайда бола бастаған. Қазірдің өзінде бірнеше пәтердің қабырғасы өрмекшінің торындай өрнектеліп тұр.
Жұмағали Керімшиев:
— Мынаны қараңыз, міне, асты кетіп жатыр. Мынау ертең құлайды. Ана жақтан жел гуілдейді, бала-шаға, немерелер қыс бойы ауырды. Иә, арғы үймен сөйлесе береміз. Арғы жақта түнімен жылайды, оның дауысы бізге естіледі, біздікі оған естіледі. Мынаны қарашы, бәрі құлап жатыр. Кетіп жатыр, бөлініп тұр, бір ұрса түсіп қалады. Шөгілген. Асты мұздай.
Бес жыл бұрын берілген үйдің жертөлесі де құрғамайды екен. Кәріз жүйесі бірер жыл бұрын істен шығып, нәжіс суы жайылған. Соның салдарынан жоғарыға су айдайтын сорғы істен шығып, алтыншы қабаттан ары ауыз су жоқ дейді тұрғындар.
Дастан Марқабаев:
— Иісі қолқаны қабады. Жертөленің бәрінде дәреттер қалқып жүр. Жоғары қарай тарақан қаптаған. Оның бәрі айналып келген кезде кәрізден. Ол дұрыс жүргізілмеген. Жаздың күні демалу мүмкін емес. Төрт жылдан бері осыны көріп келе жатырмыз. Бес жыл кепілі бар үйдің өйтіп-бүйтіп бір жылы өтетін болса, ары қарай не болады?
Тұрғындар үйді көзбен көрсін деп атқамінерлерді де шақыртқан. Жертөледен бастап, бірнеше пәтерге кіріп көрген жауаптылар «сызатта тұрған ештеңе жоқ» дейді. Яғни газоблоктан соғылған үйлерде мұндай жарықтар қалыпты жағдай деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Берік Тәліпов, Шымкент құрылыс басқармасының маманы:
— Басында бір рет құрылыс салынған кезде ол міндетті түрде сызат береді. Арасын екінші рет қалпына келтіріп шықсақ, мұндай жарық пайда болмайды. Басында бұндай газоблоктың нормасында бар. Жарықшақ береді. Кәріз құбырының ажыраған жерін қайта қалпына келтіріп, насос істен шықса, егер соның есебінен болса, онда мердігер мекемеге жүктеледі, насос ауыстырып беру.
Жауапты маман, мердігер кеткен кемшілікті түзеуден қашпайды дейді. Осыған дейін төбені жауып берген құрылыс компаниясы енді ақауларды тізімдеп, күн жылына сызат түскен пәтерлерді қалпына келтіретін болды. Егер жұмыстан қашса, құрылыс басқармасы кәсіпкерді сотқа береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!