«Брат или брак» комедиясының үшінші бөлімі шықты
«Брат или брак» деп аталатын отандық комедияның үшінші бөлімі шықты. Комедия жұртты күлдіруге негізделгенімен, жанұя құнын насихаттауды да көздейді. Трилогияға айналған бұл туынды киносүйер қауымға несімен ерекше?
Автор: Ақтоты Жұмабек
28.02.2024
Фильмнің продюсері — елімізде танымал актриса Құралай Анарбекова. Бұл туынды оның алтыншы жобасы екен. Фильмнің бюджетіне шамамен 130 миллион теңгедей кеткен. Дайындық кезеңі ұзақтау болғанымен, кино бар-жоғы бір айға жуық түсірілген. Продюсердің айтуынша, үшінші бөлімнің сценарийі үш жыл бұрын жазылған.
Құралай Анарбекова, актриса, продюсер:
— Үшінші бөлімі үш жыл бойы менде болды. Үш жылдың ішінде көп өзгеріске ұшырады. Алдыңғы жылы түсірем деп бел буғанмын. Сондықтан да актерлерді бір айдың ішінде жинауға тура келді. Түсірілім бір айдай болды. Бірақ постпродакшын ұзақ болды. Дайындығымыз ұзақ болды.
Кинокомедияның үшінші бөлімінде де алдыңғы бөлімдер сияқты Айдар мен Гауһардың шытырманға толы отбасындағы хикаялары баяндалады. Бұл жолы жанұя кеңейіп, бір емес, үш балалары бар. Гауһар ана атанып, өмірге шекесі торсықтай екі ұлды дүниеге әкеледі. Бірақ бұған Айдар қуанудың орнына,әйеліне күмәнмен қарайды. Өйткені оның ойынша, бұл әулетте бұрын-соңды егіз тұқым болмаған. Басты кейіпкер осы сұрақтың жауабын анықтаймын деп түрлі оқиғаға тап болады. Өмірде өзінің де сыңары бар екеніне көзі жетеді.
Дәурен Серғазин, актер:
— Халықтың туындысына айналған кино болды "Брат или брак" үшінші бөлімі. Біріншісіне де, екіншісіне де ұқсамайды. Сонысымен мені қызықтырды. Актерлік өнер жағынан біраз қиындық туындады. Өйткені кейіпкерімнен басқа басқа да кейіпкерді сомдауға тура келді. Бірақ фильм өте қызық болды.
Фильм авторлары әзіл-қалжыңға өрілген бұл туынды көрерменді күлкіге қарық қылып, көптің көңілінен шығады деген сенімде. Кинотуынды 1 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!