Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ел экономикасына қалай әсер етеді?
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ел экономикасына қалай әсер етеді? Бүгін түнгі 12-де Қазақстанның көп бөлігі бір сағатқа кері, яғни Қызылорда мен батыстағы төрт облыстың уақытына ауысады. Ұлттық экономика министрлігі бұдан еш кедергі көріп отырған жоқ. Әсіресе бизнеске көмегі болмаса, зардабы жоқ деп отыр вице-министр Тимур Жақсылықов.
Автор: Мерей Қалиасқар
29.02.2024
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:
—Бұл мәселемен әріптестеріміз сауда министрлігі жіті айналысып жатыр. Олар бұл салада талдау жүргізген болатын. Біз бизнеске салмақ түсіп қосымша шығын шығады деп санамаймыз. Ал тұтынушыларға қандай да бір қолайсыздық туғызса, ол тек бір реттік сипатта болады.
Еліміздің барлық өңірінде жұмыс күнінің бір уақытта басталуы бизнеске де жақсы әсер етеді деп шешкен екен мамандар. Мемлекеттік қызмет алуға байланысты рәсімдер де бір уақытта басталып аяқталады.
Сенаторлар да бірыңғай уақыт белдеуіне көшу оң әсерін тигізеді деген пікірде. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолданып, Парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілген.
2018 жылы Қызылорда облысында жергілікті уақытты бір сағат кейінге шегеру туралы шешімнің де дұрыс болғанын көрсетті дейді депутат Геннадий Шиповских.
Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
— Cауда және интеграция министрлігімен бірге бірлесе отырып, арнайы ғалымдардың кеңесі жиналып, жан жақты бәрін зерттеп, дәлелденген нәрсе. Өзім Батыс Қазақстанға, я болмаса басқа бір облыстарға бір сағат артқа белдеу жаққа барғанда, шын мәнінде өзімнің ұйқым қанып қалады. Бұл барлық Қазақстанға оң әсерін тигізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!