Сағат тілінің жылжуы: Ұялы байланыс. Банк қызметі. Ұшақ, Пойыз. Жедел желі
Сағат тілінің бір сағатқа жылжытылуына байланысты ұялы байланыс қызметі мен екінші дейгейдегі банк сервистерінің жұмыстарында уақытша техникалық ақау туындауы мүмкін. Сондықтан тұрғындарды алдын-ала құлағдар етіп, түсіністікпен қарауды өтінді. Ал ұшақ пен пойызға алдын ала билет алып қойған азаматтар жол жүру уақытына мұқият болғаны абзал. Әуе компаниялары жолаушыларға хабарлама жіберсе, ҚТЖ-ның ресми сайтында жүрдек пойыздардың жүретін кестесіне өзгеріс енгізіліпті. Түсініспеушілік болған жағдайда жедел телефон желісіне қоңырау соғып, нақтылауға болады.
Автор: Әсем Лесбек
29.02.2024
Бүгін түнгі 12-ден кейін жолға шығуды жоспарлаған жолаушылар сергек болуы тиіс. Өйткені билет пен таблодағы уақытта айырмашылық болуы мүмкін. Осыған орай қазір Алматы халықаралық әуежайында қызу жұмыс жүріп жатыр. Жедел желі іске қосылып, әркім өзіне қажетті ақпаратты алуда. Байланыс нөмірлері әр әуекомпанияның ресми сайтында көрсетілген.
Татьяна Волошина, Алматы халықаралық әуежайы жерде қызмет көрсету департаментінің директоры:
— Әуежай тарапынан жолаушылардың қолайсыздық жағдайларға тап болмасы үшін барлық жұмыстар жасалынып жатыр. Біздің сайтымызда хабарландырулар бар. Әуекомпаниялар жолаушыларды ақпараттандырып отыр. Рейстерге айтарлықтай өзгеріс енбейді. Басым бөлігі бір сағат артқа жылжиды. Жолаушылар өз рейсінен қалып қоймау үшін авиакомпанияларға хабарласып, нақты уақытын білу керек.
Тіркеудің аяқталуы мен ұшаққа отырғызу сияқты негізгі ақпарат әуе компаниялардың сайтында көрсетіледі. Ал пойызбен қатынайтын жолаушыларға алаңдауға негіз жоқ. «Қазақстан темір жолы» компаниясы тұрғындарға пойыздардың жөнелтілу уақыты туралы смс хабарлама жіберіледі деп сендірді.
Сара Сахынбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:
— Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі Қазақстан Республикасында енгізілген бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес жаңартылған. Наурыз айында пойыздар жаңа кесте бойынша жүреді. Бұл билеттерде де ескерілген. Ең бастысы, жолаушылар өз сағатын бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес ауыстыруы керек. 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызына қараған түні билет сатып алған жолаушыларға пойыздардың жөнелту уақытындағы өзгерістер туралы SMS хабарламалар жіберіледі.
Уақыт айырмасы бір сағат болса да, жайбасарлық пен салғырттыққа салынбау қажет. Әсіресе қолыңыздағы сағат пен гаджеттердің туралығына мән берген жөн. Құрылғыда автоматты жаңарту қосулы болса, уақыт автоматты түрде өзгереді. Болмаса, оны қолмен өзгертуге тура келеді. Сондай-ақ түнгі 12:00-ден кейін ұялы байланыс операторларының қызметінде де техникалық ақау болады.
Назерке Қисашева, Tele2/Altel ұялы байланыс операторының өнім менеджері:
— Міндетті түрде қосымша баптаулар жасау керек болады. Андроид үшін 01/39 күн және уақыт әрі қарай автоматтық түрде өзгертуді таңдап телефонды бір рет өшіріп қосу керек. Ios үшін негізгі баптаулар және күн және уақыт тағы да автоматтықты таңдап телефонды бір өшіріп қосасыздар. Негізі компания тарапынан 1 наурыз түнгі сағат 12-ден таңғы сағат 5-ке дейін техникалық жаңарту жүргізіледі. Бұның барлығы абоненттерге үлкен қауіп келтіреді деп айта алмаймыз.
Ал ертең абоненттік төлем жасау керек тұрғындарға бүгіннен бастап қамданған жөн. Түңгі сағат 12.00 ге дейін төлемді жасап қойғаныңыз абзал. Сағаттың өзгеруі банктердің де жұмысына әсер етеді.
Мөлдір Иманбаева, екінші деңгейлі банктің PR-менеджері:
— Көп болса 25 минут аралығында техникалық үзіліс болуы мүмкін. Мысалы, сіз банк қосымшасына кіріп депозиттер бойынша қалдықтарыңызды немесе карта бойынша қалдықтарыңызды көре аласыз. Тек мүмкін 25 минут аралығында депозит сомасын көрмей қалуыңыз мүмкін. Бірақ одан басқа еш өзгеріс болмайды. Ешқандай сома қосылып немесе алынбайды.
Еліміз осылайша өз тарихындағы маңызды қадамға әзірленіп жатыр. Бүгін, яғни 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні республиканың бірден 15 өңірі сағат тілін бір сағатқа кері шегереді. Осы аралықта банктер мен ұялы байланыс операторларынан бөлек, eGov.kz электронды үкіметі, egov mobile мобильді қосымшасы, «Е-өтініш» сияқты басқа да ақпараттық жүйелер уақытша қолжетімсіз болады. Сондай-ақ ертеңнен бастап тыным таппайтын әуежай қызметкерлері тағы бір сағат артық жұмыс істейтін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!