Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үшінші сот үкімі шықты
Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты бүгін үшінші сот үкімі шықты. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты қылмыстық ісі бойынша кінәлі деп тауып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Автор: Айжан Шамшидин
29.02.2024
Ол жазасын былтыр маусымнан бері отырған Астанадағы №64 абақтыда жалғастыра береді.
Бұрынғы мәдениет министрі бұған дейін қылмысының үстіне қылмыс жамалып, екі іс бойынша айыпты деп танылған. Әуелі Ұлттық музейдегі жемқорлық дерегі бойынша 8 жыл арқаласа, кейін сол жазаны жеңілдету үшін адвокаты арқылы пара беріп, тағы басы бәлеге қалды.
Сонымен алғашындағы сегіз жыл жазасына тағы үш жыл қосылып, 11 жылға бір-ақ кетті. Бүгінгі үкім де 11 жыл болғандықтан, темір торда отыру мерзімі осылай қалады.
Тергеу мәліметінше, Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін өзінің жақын кәсіпкер досынан 2019 жылы рейдерлік жолмен тартып алған. Дегенмен үкімді естіген Мұхамедиұлы да, оның адвокаты да келіспей, апелляцияға беретінін айтты.
Ал Ұлттық музейге қатысты қылмыстық іс бойынша Мұхамедиұлы мұражай директоры болып тұрғанда жәдігерлерді ұрлап, бастығымен сөз байласты деген айыппен тағы алты адамға үкім кесілді. Олар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Кемеңгер Имашев, Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
— ҚР ҚК 56-бабы, 6-бөлігі негізінде Астана қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылдың 13 ақпандағы үкіміндегі жазаны ішінара қосу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлын мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!