eGov.kz: Сағат ауысқанда көбінің туған күні бір тәулікке жылжып кеткен
Сағаттың ауысқаны көптеген қазақстандықты бір күнге "қартайтып тастады". Дәлірек айтқанда, цифр форматта сақталған құжатта көбінің туған күні бір тәулікке жылжып кеткен.
Автор: Айжан Шамшидин
01.03.2024
Әлеуметтік желі қолданушылары EGov мобильді қосымшасындағы қателікті жарыса салуда. Кейбірінің төлқұжатындағы, басқаларының жүргізуші куәлігіндегі туған күні өзгеріп шыға келген. Бүкіл елде уақыт теңесіп, виртуалды серверлер жаңартылған тұста бұл қалыпты жағдай дейді Ұлттық ақпараттық технологиялар басқармасы. Азаматтардың жеке куәліктерінде кеткен қателікке кешірім сұрап, бұл олқылықтың алдағы уақытта операцияларға еш әсері болмайтынына сендірді. Банк қосымшалары мен жеке деректерге қатысты бағдарламалар да бүгін қалпына келтіріледі.
Еске салайық, Қазақстан бүгіннен бастап UTC+5 уақыт белдеуіне ауысты. Енді ел бойынша уақыт айырмашылығы жоқ. Ал Астана уақытымен жүрген 12 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала тұрғындарына өткен тәулік 25 сағатқа созылды.
Ростислав Коняшкин, «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ басқарма төрағасы:
— «Цифрлық құжаттар» сервисінде деректердің дұрыс көрсетілмеуіне қатысты кей қазақстандықтардан шағымдар келіп түсті. Қазір біз барлық жұмысты істеп жатырмыз және ағымдағы деректер жақын арада қолжетімді болады. Қолайсыздыққа кешірім сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!