Алматыда автокөлікті тіркеу электронды базасы кешке дейін істемеді
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының да жұмысына әсер етті. Алматыда автокөлік тіркейтін орында ел-жұрт таңғы тоғыздан бастап кешке дейін күткен. Бірақ электронды база сол күйі іске қосылмады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
01.03.2024
Марина Журавлева, Талғар ауданының тұрғыны:
— Біз 32 шақырымды еңсеріп, осы халыққа қызмет көрсету орталығына келдік. Таңнан бастап күтіп отырмыз. Еш нәрсе істемейді. Қашан іске қосылатыны да белгісіз.
Шәмшід Шәмкенов, Алматы қаласының тұрғыны:
— Ескертуіне болатын еді ғой. Иә, уақыт белдеуі ауысып жатыр. Банктерден ақау болады деген хабарлама келді. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталығы мүлде ескертпеді. Соның кесірінен енді шығынға бататын болдым.
Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына күніне шамамен бір жарым мың адам келеді екен. Бүгін де жұрттың қарасы қалың . Кейбірі тіпті бала-шағасымен таңнан бері жүр. Бірақ азаматтарды қабылдайтын орындар бос. Уақыттың ауысуына байланысты электронды база бүгін мүлде істемей қалған. Орталық ақау болатынын бізге ескертпеді дейді тұрғындар. «Білгенде, келмес едік» деп отыр. Осылайша «қосылады-ау» деген үмітпен таңнан кешке дейін күткен. Алайда мамандар олқылықты реттеу үшін кешеден бері тер төгіп жатырмыз дегенімен, әзірге нәтиже жоқ.
Бауыржан Дәулетқалиев, № 1 мамандандырылған ХҚКО жетекші маманы:
— Жаңа уақыт белдеуіне ауысуына байланысты ақау тіркелді. Оны реттеу кешеден басталған. Жақын арада шешеміз. Негізі біз осыған дейін ақпараттық жүйелер мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа ескерткенбіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!