{metadescription}
Алматыдағы жер сілкінісі: Бүлінген ғимараттар, жараланған адам бар
Алматыдағы жер сілкінісі: Бүлінген ғимараттар, жараланған адам бар

Алматыдағы жер сілкінісі: Бүлінген ғимараттар, жараланған адам бар

Бүлінген ғимараттар, жараланған адам бар. Алматыдағы жер сілкінісінен келген залалды қала билігі әлі есептеп жатыр. Сағат 11-ден аса тіркелген зілзала 5,4 балл болған. Ошағы да алыс емес — Алматыдан небәрі 31 шақырым жер. Ғимараттарға зақым келгенімен, қираған ештеңе жоқ. Дегенмен балабақша, мектеп пен колледждер түстен кейін жабылды. Метроның жұмысын да біраз уақытқа тоқтатуға тура келді.

Алматы бүгін тағы тербелді. Сілкініс сағат 11:22 де қаланың ішінде де, облыс аумағында да сезілген. Қатты дүмпуден сөрелердегі заттар құлап, ғимараттарда әйнек шытынап сынған. Кейбірнің төбесі де, қабырғасы да қақыраған.

Зілзала кезінде жұрт жаппай сыртқа қарай ұмтылған. Тіпті жансақтау бөлімінен енді шыққан науқас та жатқан жерінен қаша жөнелген. Көше әп-сәтте адамға толып, ығы-жығы болып кетті.

Амангелді Ырыс:

 Жұмыс жоспарын талқылап отырғанбыз. Кенеттен қатты дүмпу естідік. Дауыс шыққандай болды. Содан кейін дабыл қосылды. Одан кейін төмен түсеміз деп шештік. Осы жолы одан да қаттырақ болған секілді. Біз 18-ші қабатта отырамыз.

Бас амандығын ойлап тасада тыпырлап жүргендердің ішінде студенттер мен оқушылар да көп. Бүгін университет, колледждер мен мектепте екінші ауысымда сабақ болмады.

Тілеумұрат Ақназар, студент:

Сабақты бірден тоқтатты. Студенттер қазір Тимирязев көшесінде жүр. Адамдар көптеп осы жерде жиналып жатыр. Алайда университетте қазір адам аз.

Жер сілкінісі жер астында да ерекше сезілген. Осыған байланысты бүгін метроның есіктері бірнеше сағатқа жабылды. Бірақ тоннельдерде ешқандай ақау анықталмады. Түстен кейін жұмысы қайта жалғасты. Ал теміржол мен әуе қатынасында еш кідіріс болмады. Әуежай, возкалдар штат режимінде жұмыс істеп жатыр.

Алмас Қыдырәлиев, «Метрополитен» КМК қозғалыс қызметінің басшысы:

Жер сілкінісі болған кезде келе жатқан электроқұрамдарды жақын станцияға тоқтатып, жолаушылардың бәрін түсіріп, сыртқа эвакуация жасадық. Зардап шеккендер, жарақаттанған жолаушылар болған жоқ

Жер сілкінісінен әсіресе көпқабатты үйлердегі тұрғындар абдырап қалған. Басым бөлігі уақыт өткізіп көшеде жүрсе, мыңнан аса адам қабылдау пунктіне жүгінген. Қазір Алматыда осындай 384 нысан бар.

Нұрлан Атығаев, Алматы ТЖД бастығы:

Сағат 11:22 минутта барлық 843 дабыл іске қосылды. Алматы тұрғындарына 672 теле және 24 радиоарналарды үндеу ұстап алу жүзеге асырылды. Адамдар жаппай болатын 530 обьектілерде жергілікті хабарлау жүйесі іске қосылды. 112 желісіне алматылықтардан 1316, қосымша колл орталық телефондарына, 117-ге қоңырау шалынды.

Биыл Алматы қаласында зілзала айтарлықтай жиіледі. Үш айдың ішінде осымен екінші күшті жер сілкінісі тіркеліп отыр. Алдыңғысының ошағы айтарлықтай алыс орналасқан еді, бұл жолы әлдеқайда жақынырақ. Зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жердегі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

03 қаңтар

02 қаңтар

01 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде