Зілзала: Алматыда тұруға жарамсыз болған, бүлінген нысан жоқ
Зілзаладан кейін қалада қираған ғимарат болмаса да, айтарлықтай бүлінгені бар. Бірінің құбыры жарылып, екіншісінің іргетасына дейін қақырап кеткен. Зақымданған нысандардың ішінде бірнеше білім ордасы да бар.
Автор: Әсем Лесбек
05.03.2024
Төтенше жағдайлар департаменті қазір мұндай ғимараттарды тексеріп жатыр. Бірақ шығын көлемінің қалай есептелетіні және қашан өндірілетіні әзірге белгісіз. Сызат түсіп, терезесі шағылған біршама нысанды КТК тілшісі көріп қайтты.
Қара суықта қарашаны әбден әлекке салған бұл көрініс қаладағы төрт қабатты ескі үйлердің бірінде түсірілген. Жер сілкінісінен кейін мұнда ыстық судың құбыры жарылып, пәтерлерді су басқан. Содан бері Татьяна Иванова шелек пен тегешті кезек-кезек қойып, тыным таппай жүр.
Татьяна Иванова:
— Үйімнің іші моншаға айналды. Су деген жан-жақтан ақты. Бүлінбеген дүнием қалмады. Біз жер сілкінісі біте салысымен құбырдың жарылғанын көріп, бірден оны жаптық. Бірақ су әлі тоқтамай жатыр. Қабырғалар дымқылданып көтеріліп кетті. Сонда жаңа қойылған құбырлардың мұншалықты сапасыз болғаны ма?
Мұндағы бірнеше үйдің қазіргі жағдайы осындай. Шатырдан аққан су бірінші қабаттағы пәтерлерге дейін барған. Мамандар құбыр жүйесін тексеріп, ондағы олқылықтарды анықтауға уәде етіпті. Бірақ бүлінген баспаналарды қалай, кімнің жөндейтіні белгісіз. Зілзала Көкжиек ықшамауданындағы тұрғын үйдің де іргетасын қисайтып жіберген. Жарықтың үлкендігі соншалық, бергі беттен ар жағы көрініп тұр.
Диана Темір:
— Бұл жарықшақ баяғыда сызат болған. Бірінші зілзалада қатты ажырап кеткен. Ал күні кеше болған жер сілкінісінде тағы да үдеді, үлкенірек болып. Сол қорқынышты. Қауіпті үйді құлап кете ме деп қорқасың. Бірақ көбісі қатты қауіпті емес деп дейді. Бірақ бәрібір, бала-шаға болған соң, бесінші қабатта тұрып жатқан соң, әрине, қорқасың.
Алты қабатты үйдің жертөлесінде орналасқан дүкеннің сатушысы да жанын шүберекке түйіп отыр. Қабырғадағы жарықшақтан ішке суық ұрып тұр.
Гүлдариға Иманәлі:
— Арасы ашылмаған ғой, бірақ кәдімгідей салқын кіріп суып тұр. Қазір қорқып, алдынғыдан кейін де қорқып, осында тұрғандар бәрі жан-жаққа кетіп жатыр ғой. Кеше барлығы жан-жаққа кетті. Не істейміз, елмен бірге отырамыз, амал жоқ, енді жасағанша күтеміз.
Жер сілкінісінен кейін білім ордаларындағы қабырғалардың көрінісі желілерде қаптап кетті. Бұл Түрксіб ауданындағы №89 мектепте түсірілген. Ата-аналар сызат пайда болған мектеп қабырғасы мен төбесінің үгітіліп жерге түскенін жүктеп жіберіпті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үлкен аудиториясы да зілзаладан бүлінген. Төбесіндегі жұқа картон плиталар құлап, абырой болғанда, студенттер сыртқа шығып үлгеріпті. Жалпы әкімдікке бүгінге дейін қала бойынша бүлінген 161 нысаннан шағым түскен.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
— Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми институты, Қала құрылысының бақылау басқармасының мамандары, аудандық сәулетшілер мен басқа да уәкілетті органдар бұрын құрылған арнайы комиссия сағат бірден бастап барлық қоғамдық ғимаратты, сондай-ақ тұрғындардың өтінішімен басқа да объектілерді тексеріп жатыр. Комиссия жұмыстың нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Дегенмен мамандар қалада тұруға жарамсыз болатындай бүлінген нысанның жоғын хабарлады. Төтенше жағдайлар департаменті жалпы тексеріс барысында нысандардың нақты жер сілкінісі салдарынан зақымданғанын бірнеше жолмен анықтамақ. Жарықшақтың ені мен тереңдігін, төбесінің қаншалықты және қалай үгітілгенін жіті саралайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!