Blok Construction-нан кірпіш алмақ болған жұрт алдандық деп шулады
Тас аламыз деп тақырға отырды. Алматыда Blok Construction компаниясынан кірпіш алмақ болған жұрт осылай деп шу шығарды. Газоблокқа тапсырыс беріп ақшасын толық төлеп қойған 50 шақты адамның тауарына қол жеткізе алмай жүргеніне жарты жылдан асқан.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
06.03.2024
Айтуларынша, компания басшылары клиенттерінен жиналған 50 миллион теңгені шетелде жайбарақат жаратып жүр. Ал полицейлерге түсірген арыз құпия жағдайда жоғалып кетеді дейді.
Пәтерден-пәтерге көшуден шаршаған Нұрсұлтан Әскерқанов бірнеше жыл тірнектеп ақша жинап, былтыр жазда үй салуға кіріскен. Іргетасын құйып, 700 мың теңгеге газоблокқа тапсырыс береді. Бірақ тауар сол күйі келмей, құрылыс тоқтап қалған. Арада жеті ай өткен соң, амалсыз, өзге компаниядан несиеге кірпіш алып шығынға батқан.
Нұрсұлтан Әскерқанов:
— Blok Construction кірпіш алуға 17-сі барған болатынмын. Данель Серікбекұлымен шартқа отырған болатынбыз . Қосымша арқылы кірпіштің бағасына қызығып, арзан болғаннан кейін және желімі бар, жеткізіп беру тегін болғаннан кейін, бәріміз соған ұрынып отырмыз. Данель Серікбекұлы біздің ақшаға Түркияға ұшып, сонда демалып жүрген болатын.
Дәл осылай «алдандым» деген адам саны 50 ге жеткен. Арасында тіпті кірпішке 7 миллион теңгеге дейін бергендер де бар. Компаниядағылармен келісімшартқа отырып, құр алақан қаламыз деп ойламапты. Ары кетсе, 10-15 күнде жеткізілуі керек тауардың енді ешқақашан келмейтінін сезген жұрт полицияғае арыз түсірген. Бірақ еш нәтиже жоқ.
Ержан Әмитов:
— Бәріміз арыз жаздық. Одан кейін «архивқа кетіп қалды, жоғалып қалды» деді. Кемі екі рет жаздық. Үш-төрт рет жазғандар да бар. Бірақ біздің ісімізді ешкім қарамайды. Прокуратураға да жазып жатырмыз. Қозғалмайды. Жаңа жылға дейін деп айтқан болатын. Қазір көктем шықты. Ешқандай іс қозғалған да жоқ, жауап та жоқ.
Тәртіп сақшылары алаяқтық бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Бірақ одан артық тіс жармады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
— Жәбірленуші болып бірнеше адам танылды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 24-бабында көрсеткен талаптарды орындай отырып, қылмыстық іс аясында толық және обьективтілік қағидаты толық сақталады. Міндетті түрде процесуалдық шешім қабылданады.
Компания директорының нақты қайда жүргені белгісіз. Кеңсесі жабық. Қоңырауға жауап бермейді. «Кірпіш аламыз» деп алданған жұрт оның заң алдында жауап беріп, құйылған қаражаттың толықтай қайтарылуын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!