Білім саласы былықтың ортасына айналған
Білім саласы былықтың ортасына айналған. Сенаторлар соңғы уақытта білім беру жүйесіндегі бюджет миллиондарын жымқырудың жиілегеніне алаңдап отыр. Білікті маман жетпей жатса да, білгенін істеп, қалтасын толтырудың қамымен жүрген басшыларға тоқтау болмай тұр дейді Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат Айгүл Қапбарова.
Автор: Мерей Қалиасқар
07.03.2024
Айгүл Қапбарова, Сенат депутаты
— Бүгінде жалпы білім беру ұйымдарында 5 мыңға жуық педагог тапшы. Осындай қажеттілік бар кезде, мектеп директорлары өз таныстарын жалған бұйрықпен жұмысқа алған. 8,8 млрд теңгеге жуық қаражатты мектептерде жұмыс істемейтін және формалды түрде жұмысқа қабылданған 464 тұлғаларға заңсыз жалақы, түрлі жәрдемақы төлеген. Оның ішінде сарапшы, ғылыми қызметкер, модератор мен пән оқытушылары сияқты санат бар.
Cоңғы төрт жылда осындай 500-ден аса қылмыстық іс тіркеліпті. Әсіресе былтыр ірі соман жымқыру дерегі өңірлердегі білім бөлімдерінде анықталып, мемлекетке келтірілген залал 12 жарым млрд. теңгені құраған. Бұл ретте көбіне мектеп бухгалтерлері ғана істі болған. Ал дәл осы білім саласын дамытуға мемлекет қазынасынан бақандай 12 триллион теңге бөлініпті. Оған қоса мұғалімдердің жалақысы екі есе көбейтілген.
Сенатор осындай кешенді қолдау шараларына қарамастан, білім беру жүйесі әлі де жемқорлыққа белшесінен батқан салалардың бірі екеніне күйінеді. Бір қызығы, мұндай заңбұзушылық мектепке мұғалім боп жұмысқа орналасудың талабы күшейтілгелі жиілеген. Айгүл Қапбарова бюджетті жоспарлау ісі ақсап тұрған шақта жүйелі жұмыс істеп, барлық процесті бастан-аяқ толық автоматтандыруды ұсынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары