Бишімбаев соты басталмай жатып, құдалар сөзге келіп, эмоцияға тізгін берді
Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты басталды. Тағылған айып — ауыр. Некелі жарын азаптап өлтірді, қинады және сол әрекетін бірнеше рет қайталады деген баптар бойынша жауап беріп жатыр. Қасында сол қанды қылмысты жасырды, дер кезінде хабарламады деген айыппен туысы да отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
11.03.2024
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бүгін ине шаншар жер болмады. Өйткені қос тараптан да жүздеген адам жиналған. Мемлекеттік айыптаушы қанды қылмыстың қалай болғанын бүге-шігесіне дейін тізіп шықты. Сот Бишімбаев қалағандай алқа билердің қатысуымен өте ме?
Бір жыл бұрын ғана бас қосқан әйелін асқан қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына бүгін жиналған адамның қарасы тым көп. Әдетте сот өтетін залдан анағұрлым кеңірек зал қамтылыпты. Дегенмен алдын ала тыңдалымға қос тараптан да бір қауым ел, сондай-ақ, көрген көзге кең танылып қалған марқұм Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Аменгелді мен Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев келген. Сот басталмай жатып, қос тарап сөзге келіп, құдалар эмоцияға беріліп жатты.
— Бұл сот емес, барып тұрған цирк! Бишімбаевтың туыстары неге кіріп жатыр?
Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаев қолына кісен салынған күйі сот залына ұнжырғасы түскен күйде кірді. Айыптау актісін прокурор оқи бастағанда залда отырғандардың арасынан құйқасы шымырламаған жан болмады. Бишімбаев әйелін бірінші күннен ұрып-соққан, порнография видеосына түсуге мәжбүрлеп, сонымен әйелін бопсалады дейді прокурор.
Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы:
— Бишімбаев Нүкеновамен бірге тұрғаннан бастап оның көзқарасын елемей, қарым-қатынаста ашушаң, агрессиялы, өзімшіл бола бастаған. Ол Нүкеноваға туыстарымен және достарымен сөйлесуге, кездесуге тыйым салған, телефон қоңырауларын, SMS-хабарламаларын бақылап отырған. Жалаңаш түрде фотоға түсуге итермелеген. Кейіннен түскен видео мен фотоларын көпшілікке жария қыламын деп қорқытқан.
Жарты сағаттан астам уақыт оқылған айыптау хаттамасының бірде бір тармағын экс-министр мойындаған жоқ. Соттың алқа билердің және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ашық өткенін қалайтынын мәлімдеді.
— Суть обвинения мне понятна. Вину я не признаю.
Қарындасынан бір күнде көз жазып қалған марқұмның туыстары экс-министр құйтырқы әрекеттерге барады деген қауіп басым деп отыр.
Қайрат Нүкенов Салтанат Нүкенованың ағасы:
— Мен бұл отбасыдан мүлдем күдерімді үзгенмін. Болары болып, бояуы сіңіп қойса да әлі күнге дейін балаларын қорғаштап әлек. Пәлембай миллионға блогерлерді жалдап ұлының репутациясын ақтауда. Ал Қуандықтың өзіне тіпті не айтарымды білмеймін. Айтбек азғындық жасағысы келді деген өсек сөз шығару үшін ол туған 10 жасар қызын құрбандыққа шалды ғой.
Ал Бишімбаевтың адвокаттары Назкен Құсайынова мен Лейла Рамазанова сұхбат беруден бас тартты. Тек істі «Абайсызда кісі өлтіру» бабына ауыстыруды сұрады. Айта кетейік, айыпталушы орындығында Бишімбаевтың туысы да отыр. Гастроорталық директоры Бақытжан Байжанов қылмысты көре тұра, Салтанат Нүкенованың оңбай таяқ жеп ес-түссіз жатқанына қарамай құзырлы орындарға хабарламаған, тіпті қылмысты жасырмақ болған дейді прокурор. Ал «Болашақтың» үздік түлегі, ең жас министр атанған Бишімбаевтың алдағы сот процестері ашық өте ме, алқа билер қатыса ма сол күйі басы ашық сұрақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!