Наразылық: Ақтөбеде жарты жылда жарық үш рет қымбаттаған
Ақтөбеліктер электр бағасының қымбаттауына қарсы. Айналдырған жарты жыл ішінде жарық тарифі осымен үшінші рет көтеріліп отыр. Облыс әкімдігіне наразылығын айта келгендер қоғамдық тыңдау ұйымдастырмады, тұрғындардың пікірін ешкім тыңдаған жоқ дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.03.2024
Ақгүл Аймағанбетова:
— Бір жылда осымен үшінші рет көтерілді. Бұны тексеретін монополист бар ма? Түсінбедік, неге болып жатқанын. Ай сайын жарыққа 15-20 мың теңге төлеген бізге қиын. Көпбалалы аналар бар. Біреулер от жағады. Қатты қиналып кеттік.
Аманқос Құлов:
— Аяқасты көтеріп отыр. Қоғамдық кеңес алдында талқыланған жоқ. Депутат пен халық арасында еш келісімшарт болған жоқ. Яғни халықтың пікіріне қарамай, халықты тыңдамай, тарифті көтеріп отыр.
Қымбатшылыққа қарсы шыққан ақтөбеліктер таң атысымен облыс әкімдігінің алдына жиналды. Тарифке қатысты мәселе көтерілгенде шенеуніктер жұмыс тобын құрып, тұрғындармен талқылаймыз деп уәде еткен. Бірақ онысы құр сөз болып шықты.
Энергетика басқармасындағылар комиссия да, ешбір топ та құрылмады деп ашық айтты. Ал жарықтың жаңа тарифін үнсіз он күн бұрын бекітіп жіберген. Енді тұрғындар наурыздан бастап электр энергиясына бұрынғыдан 23 пайызға артық төлейді. Саяжайда тұратындар мен кәсіп иелеріне одан да қымбатқа түспек.
Бұған дейін тарифке қатысты қоғамдық тыңдауға қатысқандар жаппай қарсы тұрып, залдан бәрі шығып кеткен еді. Бірақ оған қарамастан халық құптады деген шешім қабылданыпты. Өңірдегі электр энергиясына жауапты мекеме басшылары мұнымен тоқтамай, жарықтың бағасын алда тағы қымбаттатамыз деп отыр.
Рүстем Арыстанов, «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
— Бірыңғай электр энергиясын жеткізуші мекеме бағаны көтергеніне байланысты, біз көтеруге ұсыныс бердік. 38 пайызға сұрадық, 23 пайызға ғана көтерді. Қазір ол көтерілген бағаның өзі компанияны шығынға батырып отыр. Болашақта да солай бола берсе, тұрғындарға салмақ түсуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!