Семейде ыстық су құбыры жарылып, бес жұмысшы биіктен секірген
Семейде екінші қабаттан секірген бес жұмысшы оңбай жараланды. Олар ыстық судың құбыры жарылған сәтте, терезені сындырып тұра қашқан. барлығының аяқ-колдары сыныпты. Қазір дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған төрт азаматты ота жасауға дайындап жатыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
12.03.2024
Ал дәрі-дәрмекті өз ақшамызға сатып алып жатырмыз деген жәбірленушілердің жақындары зауыт басшылығының бейқам отыруына наразы. Өйткені өндірістік жарақат алғандарға серіктестік директоры көмек көрсетпеген көрінеді.
Бұл оқыс оқиға қаладағы құрлыс материалдарын шығаратын зауытта болған. Бес жұмысшы душқа жуынып жатқанда ыстық судың құбыры жарылған екен. Ыстық буға тұншыққандар есікке жете алмай екінші қабаттағы бөлменің терезесін сындырып секіріп кеткен. Сол сәтте бәрі темір-терсек пен шынының үстіне түскен.
Дулат Күйіков, жәбірленуші:
— Жерге түстік. Цемент, қоқыстың үстіне. Бірінші қабатта жөндеу жасаған.Түгелі шашылып жатты. Шыны да, темір де. Қазір бір аяғым екі жерден сынған. Сіңірлерім үзілген Бесінші қабырға сынған. Ота жасауға дайындап жатыр.
Ауруханаға жеткізілген бес жұмысшының төртеуі оңбай жараланған. Олардың денесінде сынған жері көп. Тіпті ақ халаттылар бір науқасты жансақтау бөліміне жатқызған. Қазір дәрігерлер, аурухана төсегіне таңылған төрт науқасты отаға жасуға дайындап жатыр.
Дәмір Сыдықов, сынық-жарақат бөлімінің дәрігері:
—Түрлі жарақатпен түсті.Бас жарақаты. Сынықтар. Омыртқасы, өкшесі де, қолы, асықты жілігі сынған. Денесі жарақат алған. Әйнектер тіліп кеткен.
Науқастардың құлан-таза айығып кетуіне біраз уақыт керек. Ал олардың жақындары зауыт басшылығы тарапынан өндірістік жарақат алған жұмысшыларға ешқандай көмек көрсетілмеді дейді. Тіпті халін де сұрап келген мекеменің бір өкілін көрмедік деп отыр.
Сандуғаш Баймағанбетова, жәбірленгушінің әйелі:
— Директор бізге ешқандай өтемақы төленбейді деді.Тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар қызметкерлерінің ауруханада жатқан күніне ғана ақша төлемек. Қазір жұмысқа жарамайды. Қалпына келу үшін үш жарым ай керек. Ал дәрі-дәрмекті қалтамыздан сатып алып жатырмыз. Үш балам бар. Басшылық жарақат алған қызметкерлерін қолдауға тиіс қой.
Ал мекеме басшылығы камера алдында сұқбат беруден бас тартты. Бірақ жараланған жұмысшыларына заң аясында қолдау болатынын жеткізді. Олар жазылып жұмысқа шыққанша, еңбекке жарамсыздығына байланысты ақы төлеп отырмақ ниетте. Ал бұл оқиғаға қатысты облыстық еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрылып тексеріс басталғанын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!