Күн жылына қаптаған электросамокатшылар ережені елемей жүр
Күн жылынғалы Алматыда самокат мінгендер қаптады. Қалада өткен аптада қос дөңгеклекті көлік құралы 60 мың рет қолданылған екен. Былтыр электросамкаттардың жүру тәртібі біраз талқыланып, жаңа ереже енгізілсе де, оны елеп жатқан адам аз.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
12.03.2024
Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері самокатпен оңды-солды ойқастап жүретіндерді тезге салар ереженің қадағалануын сұрап отыр.
Қардың ерігені сол еді, қалада электрсамокаттар қайта қаптады. Қоғамдық көлікте қысылыспай-ақ діттеген жеріңе тез жетесің. Қоршаған ортаға да зардабын тигізбейді. Бірақ самокатты тізгіндеу тәртібіне бас қатырып жатқандар сирек.
Қоныс Жолдасбай:
— Қала тұрғындарына самокат пайдалы. Бағасы да тиімді. Бірақ көбінесе ережені бұзып жатады. Жас балалар жаяу жүргіншілер жолымен айдап, қағып кетеді. Сондай жағдай көп. Жалпы айтқанда діттеген жеріңе тез арада жеткізеді. Самокат, негізі ,жақсы.
Салтанат Абдуллахан:
— Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп жатқан кезде тежеуішті баспайды, яғни ешқандай жол тәртібін сақтамайды. Қалай жүргісі келеді, солай жүре береді. Сол жағынан қауіпті.
Негізінде самокаттарға қатысты бекітілген жаңа ереже бар. Оған сәйкес, тротуармен қозғалса, жылдамдығы сағатына алты шақырымнан аспауы тиіс. Ал жылдам жүргенді жақсы көретіндер жолдың оң жақ шетімен немесе автобус жолағымен қозғала алады. Бірақ, ол үшін электрсамокат тақымдаған адамның жасы 18-ге толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы міндетті, сондай-ақ қауіпсіздік үшін шлем киуі қажет.
Мұсалав Әлібеков, кикшерингтік компанияның директоры:
— Самокатқа сұраныс айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Біз соншалықты көп болады деп ойламадық. Самокатпен жүру үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаған абзал. Яғни өзге көлік құралдарына кедергі келтірмей.Сондай-ақ дұрыс тұраққа қою да маңызды.
Дегенмен се заңды пысқырмай, электрсамокатпен ойқастап жүргендер көп. Ондайларға айыппұл қарастырылған.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Ереже бұзған жағдайда жүргізушілер әкімшілік заңнаманың екі бабымен, ҚР ӘҚбК 593-бабы және ҚР ӘҚбК 620-бабымен жауапқа тартылады. Аталған баптардағы санкцияларға сәйкес, құқық бұзушыларға 5 АЕК немесе 17 мың 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.
Полицейлер қос дөңгелекті көлік құралдарына қатысты апат көп болатынын растап отыр. Былтыр электр самокаттардың қатысуымен 63 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 48 адам зардап шегіп, үш адам ажал құшқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!