Бақты тұрғындары: Шенеуніктер тасқын туралы өтірік есеп берді
Абай облысындағы Бақты ауылының тұрғындары тасқын туралы жалған мәлімет берген шенділерге өкпелі. Өйткені әкімдік бірде-бір баспана мен қора-қопсы қызыл судан зардардап шеккен жоқ деп ақпарат таратқан. Алайда жергілікті жұрт ауылда тұруға жарамсыз болып қалған баспаналар бар екенін айтып отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
13.03.2024
Тіпті кейбірінің қора-қопсысы құлап, ауласына дейін кірген. «Бірақ бұл ақпаратты атқамінерлер жасырып отыр», - дейді тұрғындар. Әкімдердің жұмбағын КТК тілшісі шешіп көрді.
Қаратау жотасынан еріген қар суы Бақты ауылының тұрғындарын бірнеше күннен бері әбігерге салып жатыр. Ағыны қатты тасқын елдімекен ішін шайып өткен. Жұрттың баспанасы мен қора-қопсысы малмандай су болған. Тіпті үйінің ішіне су кіргенін жергілікті жұрт жаппай әлеуметтік желіге жариялауда. Соған қарамастан әкімдік «дүние қираған жоқ, ешкім зардап шекпеді» деп өтірік есеп беріпті.
— Неге кірген жоқ? Үй осы. Әне, еденнің бәрі жарылып жатыр. Мына үй құлағалы тұр.
Тасқыннан он шақты баспана мен қора-қопсы бүлінген. Тіпті ауыл мешіті де қызыл судың астында қалған. Бірақ оны жергілікті билік өкілдері көрмеген тәрізді. Тұрғындар бес баспана мен бірнеше қора-қопсыны су басты дейді. Ал Бақты ауыл округінің әкімі небәрі үш аулаға су кіргенін айтады. Бірақ құлаған қора мен бүлінген баспаналар туралы тіс жармады.
Алмас Ахметұлы, Бақты ауылы округінің әкімі:
— Қазір су кірген аулалар қалынна келтірілуде. Қауіпті аумақтарға бегеттер жасалып, тәулік бойы кезекшілікте. Ауыл үлкендерінің айтуынша, мұндай тасқын 50 жыл бұрын болған екен.
Бақты ауылының халқы табиғи апатты аудан билігі «әдейі жасырып отыр» дейді. Бұл өтемақы төлемеудің амалы болуы мүмкін деген күдігі бар. Сондықтан олар облыс әкімінен көмек күтуге мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!