Биыл Амал мерекесі өңірлерде кеңінен тойланды
Елімізде бүгін Амал мерекесін тойлап жатыр. Биыл тек батыс өңірінің тұрғындары ғана емес, өзге аймақтар да бұл мейрамды кеңінен атап өтуде. Қалаларда, ауылдарда киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылды. Қыстан аман шығып көктемге жеткеніне ел-жұрт бұл күнге жеткеніне шүкір айтады. Өңірлерде көрісу күні қалай тойланды?
Автор: Жаңалық Ахаш
14.03.2024
Амал мейрамын бұрын тек еліміздің батыс өңірі ғана тойлайтын. Соңғы екі-үш жылда елімізде жұрт жаппай 14 наурызды көрісіп атап өтуді дәстүрге айналдырған. Күні кеше Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға Наурызнама тұжырымдамасы қабылданды. Онда он күндік мерекені осы Амал мейрамынан басталатыны айтылған.
Маңғыстау халқы Амал мерекесін тойлауға жылдағы дәстүр бойынша Отпан тауының басына жиналды. Жиырмадан астам ақшаңқай киіз үй тігіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Сәйгүліктер бәйгеге түсіп, палуандар боз кілемде айқасты. Бұл өңірде Амал мейрамын ұйымдастыру әр жылда әр руға жүктеледі. Биыл
Адайдан тараған Мұңал ата ұрпағы бастаған бір топ адам Маңғыстаудың ең биік шыңында Бірлік отын жақты.
Асыға күткен Амал мерекесін ақтөбеліктер де ерекше қарсы алды. Қала көшелері мен көпқабатты үйлердің ауласына дейін, ауыл-ауылда киіз үй тігіліп, қазан көтерілді. Жүзге жуық кимешек киген әжелер шеруі өтті.
Есет Батыр шағын ауданынан Қарғалы ауылындағы Мәдениет үйіне дейін жүріп өткен аналарды көрген жұрт таңданысын жасырмады. Әжелер ән шырқап, домбыра тартып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Күлара Шалабаева:
— Халқыма, еліме жақсылық тілеймін! Жеріміз жібіп, қысымыз кетіп, көктем келіп, құлпырып, төрт түлік жайлауға толы ақ болсын! Ағымыз мол болсын! Еліміз тыныш болсын, жұртыма аманшылық тілеймін!
Атыраулықтарға 14 наурыз Көрісу күні көнеден қалыптасқан дәстүр. Таң атысымен бір-бірін Амал мерекесімен құттықтап, үйді-үйді аралап, төс қағыстырып, құшақтасып көрісуді бастап кетеді. Қала тұрғындары да сәнімен киініп, алаңда өтіп жатқан салтанатты шараға жиналды. Ән салып, би билеген жұрттың көңіл-күйі тамаша. Бұл күні кішілер үлкендерге арнайылап барып көріседі. Қарты бар үй дастарқанын жайып дайын отырады.
Зәмзәм Аққалиева:
— Бұл біздің ұлттық мерекеміз ғой. Түркі халқына тиіс мереке. Қыстан шығып, көктемнің жаңа шуағын көрудің өзі бір дүние. Жаңа жасқа келдік, жаңа күн басталды деген мереке. Жаймашуақ осында жарқыраған күнде өмір сүрейік, елімізде қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған күн болсын.
Көрісу күні көрші үй ғана емес, көрші облыстарда да кездесті. Ен далада көрісті, қол алысты, би билеп, ән шырқады. Бұл Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары. Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы филормонияның «Айнакөл»және «Гәкку»өнер ұжымдары мен Петропавлдағы Ақан сері атындағы филормонияның «Әдемі-ау» би ансамблі әншілерімен бірге облыс шекарасында кездесті. Өнер саласында жүріп бұлай кездесіп, көрісіп көрмеппіз дейді өнерпаздар. Мақсат — Амал мерекесінің маңызын, мазмұнын халыққа жеткізу, өзара ынтымақ орнату, ұлттық үрдісті қолдау.
Айгүл Сәбитова, Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы:
— Наурыз мейрамының алғашқы күні — Амал мерекесі. Осы сәтте екі облыс — Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының шығармашылық ұжымдары кездесіп, көрісіп жатыр. Тек шығармашылық кездесу емес — халыққа , елімізге қазақтың дәстүрін жаңғыртып насихаттау.
Амал мейрамының басты мақсаты амандық сұраудан басталады. Ескі жыл шығып, жаңа жылға аман жеткен жұрт ағайын-туысын құттықтайды. Амалдан-амалға аман жетейік деген тілек те осыдан шығады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!