Вейп әкелуге-таратуға тыйым салатын заң жобасын әлі де жетілдіру керек
Сенат ел аумағына вейп әкелуге және таратуға тыйым салатын заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңның қабылдануын толық қолдайтынын, тек оның олқы тұстарын жетілдіру керек дейді.
Автор: Мерей Қалиасқар
14.03.2024
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
— Сенаттың заң жобаларын Мәжіліске қайтаруы қалыпты процесс. Біз бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты жаңа редакциямен Мәжіліске қайтардық. Бұл құжатта біршама кедергі бар, құқықтық олқылықтарды жойып, кейбір норманы бір-бірімен байланыстырып жүйелендіруді көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды әрі керек заң. Біз вейптердің сатылуына, өндіруіне және айналымына тыйым салуымыз керек.
Сенаторлар тұтанбайтын темекі бұйымдары мен вейптердің атауын пайдалана отырып, тауарды жарнамалауға шектеу қоюды ұсынды. Ол өнімдерге қызығушылықты арттыратын түрлі іс-шара, оның ішінде ұтыс ойындары мен лотерея өткізуге тыйым салу қарастырылмақ.
Айта кетейік, жалпы заң аясында енді вейпті сатқандар 50 тәулікке қамалады. Қайталанса, жаза мерзімі де қатаңдатылады. Ал электронды темекіні таратқандарға, ұйымдасып елге әкелгендерге немесе жасағандарға 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұдан бөлек, сенат қабырғасында қоғамдық жерде қорқор шегуге рұқсат берген мейрамханалар мен дәмханалар иесіне айыппұл көлемін көбейту де сөз болды.
Гүлнәр Сәрсенбаева, ДСМ медицина көмегін ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
— Мейрамханалар мен барларда кальян шегетінін бәріңіз де білесіздер. Бүгінгі заңнама тұтынушының өзіне ғана шара қолдану мәселесін реттейді, бірақ рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма жоқ. Осыған байланысты біз жауапкершілікті күшейтуді көздеп отырмыз. Яғни айыппұл мөлшерін ұлғайту және рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма қабылдау туралы ұсыныс енгіздік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!