Балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусын сатылмайды
Балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындар сатылмайды. Денсаулық сақтау министрлігі 21 жасқа толмағандарға зиянды өнімді сатпау туралы шектеу енгізбек. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында жауапты ведомствоның бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Автор: Мерей Қалиасқар
14.03.2024
Жақын арада сергітетін сусындар, тіпті сатылатын автоматтардан алынып тасталады. Жарнамасын да шектеу жоспарда бар. Сенаторлар бұдан бұрын да энергетикалық сусын сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныс жасаған. Мамандар құрамында таурин, мелатонин , карнитин сияқты 10-15 түрлі қоспасы бар өнімді тұтыну жүрек-қан тамыры, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруына алып келетінін жеткізді.
Депутаттар ұсынылған түзетулер бизнесті белгілі бір дәрежеде шектегенімен, психологиялық және физикалық тәуелділік тудыратын сусын өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр деп алаңдап отыр. Сондықтан энергетикалық сусын өндіретіндерге салынатын салық та көтерілуі мүмкін.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
— Бұл мәселеде жұмыс басталды. 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балаларға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу бойынша АРВ дайындалған. Ол үкіметаралық комиссияда мақұлданған. Қазір ішкі істер министрлігімен келісіледі. Басқа нормалар бойынша вендор аппараттарды сату немесе жарнаманы тыюда АРВ мәселесі бойынша жұмыс істелініп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!