БҰҰ миссиясын орындауға 139 қазақстандық бітімгер аттанды
Бүгін Алматыдан қазақстандық бітімгерлерді Таяу Шығысқа шығарып салды. БҰҰ-ның бір жылдық миссиясын орындауға 139 әскери қызметші аттанды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
14.03.2024
Жігер Аипов, Қазақстандағы ұлттық бітімгершілік контингентінің командирі:
— Міндет – миссия қолбасшысының резерві ретінде іс-әрекет жасау, жауапты аймақты патрульдеу, БҰҰ барлық постын күшейту. Қандай да бір оқыс оқиға болса, БҰҰ жеке құрамын эвакуациялау.
Шығарып салу рәсімінде контингент командиріне мемлекеттік ту табысталды. Оны әскери қызметшілер Таяу Шығысқа жеткен соң Голан биіктігіндегі қазақстандық бітімгерлік базасының аумағына іледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясын орындауға аттанғандардың жалпы саны 139 адам. 240 үміткерден іріктеліп шығыпты. Әрқайсысының психологиялық әл-ауқаты мен денсаулығы тексерілген және ағылшын тілінен тест тапсырыпты. Ең кішісі — 25, үлкені 40 жаста. Жеке құрамның 60 пайызы отбасылы. Бір жыл миссияға аттанғандардың ішінде әйелдер де бар. Біреуі — мерген, екеуі — аспаз, төртеуі — дәрігер.
Ардақ Күртебаева, санитар нұсқаушы:
— Бітімгер болу арманым еді. Бейбітшілік жолында кішкентай болсын үлес қосқым келеді. Сөйтіп бітімгер операциясына қатысуды шештім. Бұл шетелдік үшінші тәжірибем болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!