БҚО: Өзендерде су деңгейі қауіпті межеге жетуі мүмкін
Батыс Қазақстан облысындағы өзендерде биыл су деңгейі қауіпті межеге жетуі мүмкін. Тасқыннан қауіптенген құтқарушылар мен су мамандары жағдайды тәулік бойы бақылап, монторинг жүргізе бастады. Әзірге өңірде күн әлі суық, қар да еріген жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.03.2024
Мамандар көктемге қандай да бір болжам жасап отырған жоқ. Өйткені қырық құбылған күн райы тосынсыйға толы болуы мүмкін. Оның үстіне көрші мемлекетпен жалғасып жатқан Жайық пен Шаған өзендері қазірдің өзінде ернеуінен асып тұр. Ресей мамандары биыл жауған қалың қар тіпті еселеп, өзеннің тасу қаупі бар екенін ескерткен. Олай бола қалса, әсіресе өзен жағалай орналасқан елдімекендерде жағдай қиындайды. Сол үшін оларға алдын ала ескерту жасалған. Тіпті алдағы күндері өзендегі мұздарды жару жұмысы басталады. Соңғы рет бұл өңірде тасқынға қарсы шаралар 10 жыл бұрын жүргізілген екен.
Азамат Ысмайыл, БҚО ТЖД басқармасының бас маманы:
— Жайықта ғана емес, Ресеймен шектесіп ағып жатқан Шаған өзенінде де биыл су деңгеуі тым жоғары, яғни тасқын қаупі бар. Бірақ өзен асып-таси ма, жоқ па, оны алдын ала айта алмаймыз. Қандай жағдайға болсын болуымыз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!