Алматы әуежайында жүздеген жолаушы кешеден бері ұша алмай отыр
Алматы әуежайының жұмысы ретке келмей жатыр. Кеше жауған қалың қарға байланысты әуежай бірнеше сағатқа жабылған. Кестеден кешіккен 50 шақты рейс рет-ретімен аттандырылып жатыр. Соның өзінде әуежайда кешеден бері ұшағын күтіп ығыры шыққан жүздеген жолаушы отыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
15.03.2024
Кеше Алматыға түскен қалың қар көктегі қозғалысты біршама тұралатты. Рейстер жаппай кешігіп, жүздеген адам діттеген жеріне жете алмай отыр. Солардың бірі — Елена Ларионова. Ұшатын уақыты төрт рет ауыстырылған. Енді тағы шегерілетін болса, қыруар қаражатқа алған лайнермен саяхатым күйіп кетеді деп отыр.
Елена Ларионова:
— Біз отыратын лайнер ертең түсте жол жүреді. Соған кешігіп қалмайын деп билетті ертерек алғанбыз. Әбу-Дабиға кеше кешкі сағат 9-да ұшуымыз керек еді. Бірақ әлі күтіп отырмыз. Рейсті бірнеше рет ауыстырып, ақыры бүгін кешкі 6:50-де ұшасыңдар деді. Енді бұл рейс кешіксе, лайнердегі саяхатымыз күйіп кететін болды.
Әуежайдағылар рейстердің кешігуіне екі себеп келтірді: ауа райының қолайсыздығы, ұшақтарды қардан қиын болған. Кеше түскен қар әлдеқайда дымқыл болды дейді.
Берік Әбдірахманов, Air Astana жерүсті қызмет көрсету департаментінің директоры:
— Мұз бен қарды тазалау кемінде 10-15 минут, кеше кейбір ұшақта бір сағатқа дейін созылып кетті. Кеше 25 пайыз рейстеріміз ұша алмай қалды. Бүгін 58 пайыз рейс кешігіп жатыр.
Екінші себеп: рейстердің кешігуіне байланысты ұшақтар бірінің артынан бірі жинала берген. Тұрақта орын жетпеген. Осылайша кеше халықаралық әуежай екі сағатқа жабылып, кейін жұмысын жалғастырды. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеген. Күте-күте әуре-сарсаңға түскен жолаушылар әуежай тарапынан тамақ та берілмегінін айтады. Бірақ қызметкерлер мұны жоққа шығарды. Тіпті қонақ үйлерге жайғастырғанын айтып жар салды. Қазір жағдай тұрақталып келе жатыр дейді.
Татьяна Волошина, Алматы халықаралық әуежайының жерүсті қызмет көрсету департаментінің директоры:
— Қазір аэродром толық тазартылды. Автотұрақтар, ұшу-қону жолағы тап-тұйнақтай. Мұздан тазарту әуекомпаниялардың тапсырысымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі ұшақтардың кідірісі кешегі ақау салдары. Яғни әуе кемелерінің кеш келіп жатқанына байланысты.
Бүгін Air Astana-дан — 15, Scat-тан 3 рейс кешікті. Әуежайдағылар түнге дейін штаттық режимге көшіп, әуе кестесі қалыпқа келтіретінін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!