Лас вагонға ашуланған жолаушы сотта жеңіп шығып, ақша өндіретін болды
Ақтөбе қаласының тұрғыны лас вагондары үшін «Қазақстан темір жолынан» ақша өндіретін болды. Ол пойыздағы тазалық талаптарының сақталмағанын айтып сотқа жүгінген. Тіпті жеңіп шығып, шойын жолға жауаптыларды тәубесіне түсірді. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген көпшілік әкелі-балалы жолаушының жеңісінен кейін вагондар жаңарады деп үміттенеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.03.2024
Ақтөбе қаласының тұрғыны былтыр тамызда 13 жастағы қызымен Атыраудан пойызға мінген. Шаң басқан терезеден бастап, сатпақ-сатпақ купе, қақ араласқан лас суды көріп шошиды. Дереу тәртіп сақшыларын шақырып шағым түсірген. Жолаушылардың лас вагондарға қатысты айқайына «Қазақстан темір жолындағылар» да үйренген. Бірақ сотқа дейін арызданады деп мүлдем ойламаса керек. Ақтөбелік алдымен соттан жолақысын қайтаруды сұрайды. Оған қоса моральдық шығынды өтеуін талап етеді. Бұл іс жолаушының бірі оқушы болғандықтан кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотта қаралды. Билетке кеткен жолақысы қайтарылмағанымен, лас вагон үшін судья «Қазақстан темір жолына» қарасты «Жолаушылар тасымалы» акцеонерлік қоғамынан жүз мың теңге моральдық шығын мен 200 мың теңге қосымша шығынды өндіруге шешім шығарды.
Айжамал Сүндет, Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметі жетекшісі:
— «Жүк тасымалы» Акционерлік қоғамынан екі жолаушы пайдасына әр қайсысына 50 мың теңгеден моральдық өтемақы және 200 мың теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!