{metadescription}
Алматыда «Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Алматыда «Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда «Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда республикалық «Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Игі шара Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыурымен алтыншы рет өткізілді. Оған іскер әйелдер қауымдастығы да ұйытқы болып жүр. Жобаның көздегені — мұқтаж жандарға көмек қолын созған жомарт жүректі адамдардың жақсылығын насихаттау.

Байқау жеңімпаздары 5 номинация бойынша анықталды. Халықтың салт-дәстүріне байланысты қайырымдылық жасағандар «Асар», туған жеріне жақсылығы тигендер «Туған жер» және осы тақырыпта қалам тербеген журналистер «Қайырымдылық тарихы», сондай-ақ «Батыл жүрек», «Мейірім жолында» аталымдары бойынша марапатталды. Өз блогында жылдар бойы қайырымдылық жобаларын жариялаумен белсенді түрде айналысып жүрген блогер, журналист Александр Цой «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Александр Цой, жоба жеңімпазы:

Жаңа Қазақстандағы ең үздік бұқаралық ақпараттар құралдары және үздік журналист ретінде игі істерді жариялап жүрген тілші номинациясына ие болдым. Мен, көбіне, қазіргі кезде қарапайым адамдардың көрсеткен игі және ерлік істерін көрсетемін.

Ал 50 жыл ұстаздық еткен зейнеткер Аят Ілиясқызы жеті жыл бұрын егде жастағыларға арнап арнайы мектеп ашқан. Білім беру мекемесінде 100-ден аса зейнеткер тегін білім алып, түрлі тіл үйренумен қатар йогамен де шұғылданып жүр. Бүгінде Аят Ілияқызы туған жер номинациясы бойынша бірінші орын алды.

Аят Ілиясқызы, жоба жеңімпазы: 

Осы жерімізге біздің көмегіміз болсын, осындай жасқа келгенде туған жерімізге біздің рахыметіміз, бізді осындай жақсылыққа жеткізгені үшін мектепті ашып, сол мектепте дәріс алып жүрген біздің оқырмандар, біздің өкіметке деген ілтипаты сондай жылы.

Қайырымдылық қазақтың қанына біткен қасиет. Сондықтан «Ана тілегі» қоғамдық қоры қиналғанға демеу болып, көмек сұрағанға қолдау білдіріп келеді.

«Көпбалалы және жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмектен бөлек, үйірмелер ашу арқылы олардың білімі мен біліктілігін арттырып жатыр», - дейді қор директоры Әсем Жолдасбекова. Орталық жыл басынан бері 1800-ге жуық отбасыға қаржылай және заттай көмек көрсеткен. Аталмыш қор осындай жомарттық танытып қолдау көрсеткені үшін байқаудың «Туған жер» номинациясында үздік деп танылды.

Әсем Жолдасбекова, «Ана тілегі» қоғамдық қорының директоры:

Бүгінгі қайырымдылық керуеніне номинант болғанымыз осы еңбектің арқасы деп ойлаймын. Болашақта бізде осы ғана емес, басқа жобалар да көп. Жаңа жоба жасасақ па деген ойдамыз. Тек Наурызбай ауданы емес, Алматының барлық ауданымен және ауыл-аймақта көп сұрап жатыр, курстар болсын, басқасы болсын деп. Сонымен шет жаққа шығу мақсатымыз да бар.

Байқау игі іс жасап жүрген тұлғаларды анықтауға, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған. «Бүгінде қайырымдылық жасауды өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан жылға артып келеді»,- дейді жоба ұйымдастырушылары.

Раушан Сәрсембаева, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ президенті:

Жыл сайын осы жобаға қатысушылардың саны артуда. Алғашқы жылдары 90-95 қатысушы болса, қазір 1000-ға жуық өтініш түсті. Өте қуаныштымыз. Біздің негізгі мақсатымыз да осындай кең жүректі, дархан жандардың жақсылығын көпке үлгі ету.

Иә, қайырымдылық жасау үшін асып-тасқан бай болудың қажеті жоқ. Ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Халқына қамқор жанды анықтайтын байқауды Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, КТК телеарнасы жүзеге асырып келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде