Сот залынан: Автобуста жүргізуші отырған жерге неге қоршау қойылмаған
Алматыда үш адам ажал құшқан автобус апатында жүргізушіні ұрып талдырған жолаушыға қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгін жәбірленуші тарап сол қоғамдық көлік тиесілі автопарк қызметкерінен жүргізушілердің қауіпсіздігіне арналған қоршаудың неліктен болмағанын сұрады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
20.03.2024
Елзат Тұрлықожа, «ДуманТрансКом» компаниясының өкілі:
— Біз арзан деп алған жоқпыз. Ол зауыт тарапынан кеденнен өткізіп, үкімет жолаушылар тасымалына рұқсат беріп тұрғаннан кейін, біз ары қарай бірдеңе қою керек деп айта алмаймыз.
— Демек қорғау жоқ. Сондай жағдайлар әлі де болуы мүмкін.
— Құдай сақтасын.
— Сақтанғанды сақтайды. Әлі де болуы мүмкін. Сіздердің автобустарыңыз осылай жүре береді. Жүргізушілерді қорғамайды.
— Егер үкімет тарапынан бізге қойғызатын болса, қорғау қойыңдар десе, біз қоямыз. Ал өз бетімізбен оны қоя алмаймыз.
— Сонда бұл жерде Үкімет кінәлі болып отыр ма?
Жантүршігерлік жол апаты осыдан үш ай бұрын Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, үш кісі көз жұмды. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Апатқа жүргізуші мен жолаушы арасындағы дау себеп болған. Жолаушы рөлде отырған әйелді жұдырықтай жөнелген. Соққыдан тізгіндегі әйел есінен танып, автобус жылдамдығын азайтпаған күйі жол жиегіндегілерді жайпап өткен.
Күдікті ретінде 33 жастағы Дархан Ахметжанов танылып, екі бірдей баппен іс қозғалды. Жұдырығы жуан жолаушының кінәсі дәлелденсе, оо сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал автобус тізгіндеген келіншек істе куәгер ретінде жауап беріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!