{metadescription}
Көшпенділер ойындарына америкалық кәсіби ковбойлар қатысады
Көшпенділер ойындарына америкалық кәсіби ковбойлар қатысады

Көшпенділер ойындарына америкалық кәсіби ковбойлар қатысады

Мұхиттың арғы жағынан Астанаға көкпар тартуға арнайы келді. Бұл АҚШ ковбойлары мен Қазақстан құрама командасының алғашқы кездесуі емес. Америкалық көкпаршылар күзде өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға ниет білдіріп отыр.  Ұлттық спорт күніне орай елордадағы «Арғымақ» ат-спорты кешеніндегі сайыстарды КТК тілшісі көріп қайтты.

«Арғымақ» ат-спорт кешеніне жету қанша қиындық туғызса да, келген халықтың қарасы қалың болады. Ұлық мереке аясында ұлттық киімін киіп, аса жарқын көңілмен қадам басқан жұртқа әуелі  қолөнер шеберлерінің үлгілері ұсынылып, қазақы тазы мен бүркіт көрсетілді.

Көпшілікке асық ату мен тоғызқұмалақтан шеберлік сағаты өткізілді. Ал салтанатты шара ұлттық спорт ардагерлерін марапаттау рәсімімен басталды. Адырнасын сайлаған садақшылар жебені жауған қардай боратып, мергендігімен көптің көңілін аударды.

Құрыш қолды, тақымы тастай болған палуандар да аянып қалмады. Атын шықпырта қамшылап, жұлқынып ортаға шығып, қайшыласа ұстасып, шірене тартысып, аударыспақтың қандай болу керектігін көрсетіп бақты. Дегенмен жиылған жұртты бәрінен бұрын қыз қуу ойыны тәнті етті.

Көкпардан Астана мен АҚШ құрамалары арасындағы жолдастық кездесу көрерменге дер тосынсый болмақ. Ат жалын тартып додаға түсіп жүрген кәсіби көкпаршылар екі-үштен топтасып, 15 минуттан екі тайм өткізіп өзара мықтыны анықтайды.

АҚШ-тан америкалық ковбой Лэдд Хауэлл мен Кейси Филд бұл ойындарға арнайы келген екен. Екеуі де бірте-бірте көкпардың қызығына түсіп, қазақ шабандоздарымен тәжірибе алмаспақ.

Лэдд Хауэлл, кәсіби ковбой:

Біз ранчода, родеода өстік. Дегенмен қазақтың ұлттық спортымен аса бір айырмашылық жоқ. Мәселен, атқа мініп, асауды тізгіндеуіміз ұқсайды. Тек ат әбзелдері мен ер-тоқымымыз бөлек. Орталық Азияға келіп көкпар ойнауға және үздік ойыншылармен шеберлігімізді шыңдауға қашан да дайынбыз. Әлбетте, бұл керемет сезім сыйлайды.

Ерлан Қанапин, «Астана» көкпар клубының директоры:

Қазір бізде қаны бар, текті, жартылай текті дегендер бар ғой, сондайларды аламыз. Ол жылдам, аяқ-қолы жылдам. Қазіргі ойындар бұрынғыдай емес, қазіргі ойын жылдам. Қорытынды ойын деп тұр ғой. Ол да осал емес, олар бұқа үйретіп жүргендер. Біз жылқының құлағында ойнап жүрдік. Ойын қызықты болады.

Қызықты болғанда қандай. Жалға жабысқан қос құрама ойыншылары көк серкенің тұлыбын тақымға тартып, бір-біріне дес бермей, намысқа тырысып көкпардың көркін қыздырды. Талас-тартысқа толы додада елордалық ұжым 2-1 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Ұлттық спортқа қызығушылық танытып жүргендерге биыл күзде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізіледі. Екі жылда бір болатын байрақты додаға қатысуға ниет танытқан ел де көп.

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Биыл қыркүйекте Астанамызда үлкен халықаралыс іс-шара жоспарланып жатыр. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Біз 100-ден астам мемлекеттен бес мыңнан астам спортшы, 15-20 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп жоспарлануда. Үлкен шара абыроймен өтеді деп сенеміз.

Көкпар тартудың әлем елдеріне кеңінен тарап, ұлттық өнерден халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын бүгінгі шарадан-ақ байқауға болады. Төл ойынымыз америкалықтардан бөлек, төрткіл дүниенің әр түкпіріндегі елдердің қызығушылығын тудырып жатыр екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде