Алматы облысының Бесағаш ауылында тағы лай көшкіні жүрді
Алматы облысының Бесағаш ауылында тағы лай көшкіні жүрді. Тау бөктерінде тұратын үйлер топырақ астында қалып қоя жаздаған. Сырғыған мың текше метр топырақтан екі үйге ғана зақым келді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Дегенмен тұрғындар өз үйлеріне кіруден қорқып жүр. Өйткені, бірнеше күнгі жаңбыр мен еріген қар суынан әбден ылғалданған топырақ тағы сырғи ма деп үрейленіп отыр. Оқиға орнында тілшіміз Ақтоты Жұмабек болып қайтты.
Автор: Ақтоты Жұмабек
25.03.2024
Бесағаштағы қалталылар тұратын котедждер қалашығының тұрғындары жаңбыр жауса, жандарын шүберекке түйіп отыратын болған. Өйткені мұндағы үйлер тауға тым жақын тұр. Ал олардың дабыл қағуы бекер емес. Жұрт қорыққандай-ақ, әбден ылғалданған топырақ 23-ші наурыз күні түнгі сағат 12 жарымдар шамасында опырылып түсіпті.
Мына жотаның бір бөлігі осы еңіске қарай жылжыпты. Үйдің қабырғасының бір бөлігі үйінді астында қалған. Болжам бойынша, опырылған жердің көлемі шамамен мың текше метрді құрайды. Ал тазалау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Сол сәтті Дәмелі Достанқызы қорқынышпен еске алады. Отбасымен түгел үйде болған. Қатты гүрілдеген дауыстан қорқып сыртқа атып шығыпты. Қараса, үйінің бір бөлігін топырақ басып қалған. Бөлмелердің терезелері сынып, қабырғаларына да зақым келді.
Дәмелі Достанқызы, Бесағаш ауылының тұрғыны:
— Қауіпті. Астыңғы этаждың терезелері сынды.Стенада жарық пайда болды. Екі күн үйде қонғызбады бізді. Кешеден бері жолдасым үйде қонып жатыр. Қорықтық. Қорыққанда не істейміз. Кететін жеріміз жоқ.
Көшкінге тек жауын-шашын емес, жоғарыда орналасқан котедждердің иелері де кәнілі дейді тұрғындар. Олар кәріз құбырларын жүргізіп, қоқыс төгіп тастапты. Соның кесірінен, биіктіктегі су бір жерге жиналып қалады. Ал, ол уақыт өте келе топыраққа сіңіп, бүгінгідей жағдайға әкелуде дейді бесағаштықтар.
Ерсайын Сауранбаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:
— Жоғарғы үйлердің кәріз сулары. Кезінде салған кезде кәріс суларын ценртальный септик болмағаннан кейін өздері септик қазып, оншақты үй бір жерге құйылып содан осы біздің көшемен төмен қарай ағып кететін болған. Кейін төменгі жақтан үй түскеннен кейін оны жауып тастады. Труба астынан шыққаннан кейін оны жауып тастаған. Содан кейін осы таудан шыға бастады, 2017 –ден бастап таудан шықты. Әлі күнге дейін тоқтамай міне әлі шығып жатыр.
Бірнеше күнгі жаңбыр мен еріген қар суынан топырақ Бесағашта ғана емес, Алматының Шығыс айналма жолына жақын жерде де сырғыған. Ол жерде лай тұрғын үйлерге жетпепті. Дегенмен, мейрамхана жанындағы ғимарат бүлінген. Төтенше жағдайлар департаменті дәмхана әкімшілігіне көшкін жағдайы тұрақталғанша мекемені уақытша жабуды ескетті. Құтқарушылар тауға шығардада абай болуды сұрайды. Жаңбырға байланысты лаймен қоса, қар көшкіндерінің де қаупі қазір өте жоғары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!