Рамазан айында Түркиядағы көне мешіттерде ауызшарға басымдық беріледі
Түрік халқы қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, құлшылық етеді. Әсіресе саяхатшыларға да көне мешіттердің есігін айқара ашып, таңғы сәресін ішуге, ауыз ашу кезінде барлық талапты сақтауға ерекше басымдық береді. Былтыр бұл елге 54 милионнан астам жиһанкезі келіпті. Түркиядан оралған тілшіміз Жазира Бегалының репортажы.
Автор: Жазира Бегалы
25.03.2024
Ыстамбұлда ауыз бекітіп ораза ұстаған саяхатшыларға құрмет ерекше. Мейрамхана мен қонақ үйлерде аспаздар ұлттық тағамның құнарлығы, оның пісіру әдісін түсіндіреді. Он сағат бойы шоқта піскен қой еті, бес сағат бойы бұқтырылған ет ауызашарда үлкен сұранысқа ие тағамдар дейді аспаздар.
Ахмет Фуркан, Марангоз, аспаз:
—Адам ұзақ уақыт тамақ ішпейді. Күнделікті тамақ ішу әдеті өзгереді. Сондықтан қорытуға жеңіл, ағзаға пайдалы құнарлы көкіністерді қосып, әлсіз шоқта ұзақ уақыт піскен ет тағамдарын, сорпа әзірлейміз. Әрине, еуропалық қонақтар үшін де ас мәзірі өзгерген жоқ. Дегенмен кешке ауызашарға келген тұтынушының сұранысын толық қамтуға тырысамыз.
Ыстамбұлдың өткен тарихы мен бүгінгі тіршілігін бейнелейтін көшпелі галерея ашылған. Бір жылда 150 мыңдай саяхатшы тамашалапты. Шаһар жұртшылығының басынан өткен тарихи оқиғаларды суреттеген көрмеде нысандар, тұрғындар 87 есе кішірейтіліп, портты қаланың 4000 жылдық тарихына сапар шегуге болады. Бұл жобаның авторы Мұрат Сойсал мыңдаған тарихи кітапты ақтарып, көне суреттерді бейнебаянға сыйғызу үшін бес жыл көз майын тауысқан.
Мұрат Сойсал, галереяның директоры:
—Еш қорықпадым. Өйткені бұл жобаның миллиондаған адамға ұнайтынына, көңілінен шығатынына сенімді болдым. Түркияда бірде-бір мұндай галерея жоқ. Ал әлемде бес-алтауы ғана бар. 2025 жылы біздің көрме Жапонияға сапар шегеді.
Рамазан Челиктурк, гид:
—Түрік халқы қасиетті айды асыға күтеді. Соған қарамастан Түркия саяхатшыларды жыл бойы үздіксіз құшақ жайып қарсы алуға дайын. Былтыр 54 миллионнан астам жиһанкез біздің елде демалды. Ал Рамазан айында ауыз бекіткен адамдарды құрметтейміз. Сондықтан көшеде тамақ ішпеуге тырысамыз.
Осман империясының астанасы, Түркияның төртінші ең ірі қаласы Бурса индустриалды аймақ. Ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, логистика, туризм дамыған. Бурсаға саяхатшылар да үйір. 1396-1400 жылдар аралығында І Баязит сұлтанның бұйрығымен салынған мешіттің 20 күмбезі жарқырап тұр. Мешіттің ішінде субұрқақ, қабырғаларында Осман жазуының 192 нұсқасы бар.
Бурса қаласындағы Ұлы Жами мешітінің үш есігі бар. Түрік халқы осы имам үйінде тілеген дұға-тілек өмірде орындалады деп сенеді. Әсіресе Рамазан айында бұл мешітке жергілікті тұрғындар, туристер ағылып келіп жатыр. Ал мешіттің үш қақпасы күндіз-түні жабылмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!