Ақтөбе облысында топан су – тратегиялық нысандарға дейін көлкіген көл
Ақтөбе облысын топан су басты. Даланы қойып қаладағы стратегиялық нысандардың өзі көлкіген көлге айналған. Әуежайдың ұшып-қону жолағы белуардан су. Ал құтқарушыларға әр ауданнан көмек сұрап қоңырау шалғандар көп. Тек Қарғалыда ғана қар әлі еріп үлгермеген. Бір ауыл, бір аудан ғана емес, жаппай бүтін бір аймаққа су жайылуына тұрғындар облыс әкімін кінәлап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.03.2024
Шенеуніктер қалың қарды көре тұра, қыс бойы тасқынға қарсы қамданбады деп қапалы. Ақтөбе облысы бойынша су басқан үйлер саны сағат сайын көбейіп жатыр. Қызыл судың астында қалған халықтың жанайқайын КТК тілшісі тыңдап келді.
Ақтөбедегі тасқынның түрі жаман. Облыс орталығындағы әуежайдың өзі жұмысын тоқтатты. Қыста «қарлы боран» деп жабылатын стратегиялық нысан бұл жолы қызыл судың астында қалды. Ұшып-қону алаңын белуардан су басқан. Көлкіген жерге әуе кемесі қона алмайды, не ұшып кете алмайды.
Әлихан Камаладин, Ә.Молдағұлова атындағы әуежайдың баспасөз қызметі маманы:
- Ұшуқону жолағын тазартуға байланысты әуежай ұшақтарды шығару үшін таңғы сағат алтыдан кешкі беске дейін әйежай жабылған. Жұмыс аяқталған соң ұша бастайды. Рейстердің кешігетіні туралы әуе компаниялары жолаушыларға СМС хабарлама жіберіп, әлеуметтік желі бойынша хабарлады.
Облыс орталығынан құрғақ жер табу қиын. Барлығы малмандай су. Мәселен, Қурайлы ауылының тұрғындары түн жарымында лап қойған судан шошып оянған. Үстіне ілінгенін киіп үйінен қашып шығыпты. Себебі қызыл су баспаналарын басып қалған.
Рысқали Калиматов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
–Түнгі бір жарымда белден кешіп шықтық, амал жоқ. Үйдің ішінде отыратын орын болмай қалды. Техниканың, жихаздың бәрі құрыды. Ешқандай көмек болған жоқ.
Ақтөбе облысының тек қаласы емес, бүкіл даласын су алып жатыр. Тасқынға қатысты құтқарушылардан көмек сұрамаған аудан қалмады. Төтенше жағдайлар вице-министрі тікұшақпен жеткен Темір ауданында «қауіп сейілді» дегенге тұрғындар сенбейді. Шұбарқұдық ауылында ондаған үйдің ауласы әлі суға көлкіп тұр
Сержан Қуанышбеков, Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:
–Үйді түгел су басты. Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге үйдің айналасына қапшық қойып, кішкене бөгет жасап едік, суды көріп отырсыз, үйдің ішін су басып кетті. Ауланың іші толған су. Отбасымды көшіріп, эвакуациялап, кеше шығарып жібердім. Туған-туыстың үйін жағалап жүр. Өзім түнімен осында болдым. Таңнан бері өзім осында жүрмін. Әлсін-әлсін киімімді ауыстырып, Осылай жүрміз. Не істерімді білмеймін.
Күні кеше облыс әкімі Асхат Шахаров «жағдай бақылауымда» деген еді. Бірақ бәрі өтірік болып шықты. Өңірдегі онға жуық жолды су шайған. Бірнеше ауыл аралда қалғандай күй кешуде. Мұғалжарда екі ауылдың халқын қауіпсіз жерге көшірді. Жағабұлақ елдімекенінің тұрғындары қазір мұнайшылардың вахталық жатақханаларын паналап отыр. Қобда ауданында қыстақта қалғандарды қайықпен көрші ауылға жеткізген.
Ал Шалқар ауданында шойын жол бойындағы разъезден бала-шағаны көшіруге тура келді.
Тарас Коваленко, Ақтөбе облысы ТЖД бөлім басшысы:
-Ақтөбе облысының бар аумағындағы тасқын қатты болғандықтан, бақылау да күшейтілді. Мұндай жағдай бұрын болмаған еді. Аудандардың бір-бірінен қашық әрі түрлі бағытта орналасқандықтан, қар еру мерзімі әркелкі келетін. Мысалы, оңтүстік аудандарда жер қарайғанда, Ақтөбеде еріп, одан соң бір аптадан кейін Хромтау мен Мәртөкте тоң жібитін. Биыл олай болмады. Барлық ауданда бір мезетте су көтерлді.
Ақтөбе облысы бойынша нақты қанша үйді су басқаны белгісіз. Себебі саны сағат сайын өзгеріп жатыр. Тұрғындар дала мен қаланы жаппай суға көлкіткеніне әкім-қараларды кінәлайды. Қыс бойы қамдағанғанда бұлай болмас еді деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!