Қуандық Бишімбаев: Прокурор көбін ойдан шығарған, еш дәлел жоқ
«Жауап беруге мүмкіндік бермей жатыр!» Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталып жатқан Қуандық Бишімбаев бүгінгі сот отырысында осындай мәлімдеме жасады. Тіпті айыптау хаттамасын оқыған прокурордың сөзінің көбі ойдан шығарылған, еш дәлел жоқ деп отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
27.03.2024
Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:
-Осы уақытқа дейін өз нұсқамды айтатын мүмкіндігім болмады. Прокурор айтқанның көбі ойдан шығарылған, ешқандай дәлел жоқ. Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша менің тарапымнан мұндай қылмыстық әрекет ешқашан жасалған емес, айыпты толық мойындамаймын.
Атышулы сот процесі бүгін алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Айыптаушы және қорғаушы тараптың қатысуымен 102 үміткердің ішінен 12 адам, оның оны негізгі, екеуі қосалқы алқаби ретінде таңдалған. Олардың сотталушымен қандай да бір қарым-қатынасы бар-жоғы төрт сағат бойы жіті тексерілді. Алқабилер таңдалған соң, іле-шала сот отырысы басталды. Онда судья қос тарапқа істі қарау тәртібін түсіндірді.
Айта кетейік, айыпталушы орындығында Бишімбаевтан бөлек, оның туысы, қанды қылмыс болған Гастроорталық директоры Бақытжан Байжанов та отыр. Ол бүгінгі отырыста қылмыс болған күні мейрамханадағы видеоны өшіруді сұрағанын мойындады. Алайда қылмыс жасадым ба, жоқ па, өзім де білмеймін дейді. Екеуіне де тағылған айып ауыр. Бүгінгі алқабилер құрамы марқұм Салтанат Нүкенованың адвокаттарының да көңілінен шығыпты.
Жанна Оразбақова, жәбірленуші тараптың адвокаты:
-Алқабилердің іріктеуіне 102 адам келді. Соның ішінен 12 адамды таңдап алдық. Құрамы көңілімізден шықты деп айта аламын. Себебі қос тарап бірлесе отырып таңдадық қой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!