Утильалым: Депутаттар министр Қанат Шарлапаевқа сұрақты қарша боратты
Утилизация алымын төмендетуге қарсы жалғыз мекеме. Осы жауыр болған мәселені талайдан бері көтеріп жүрген депутаттар бүгін өнеркәсіп министрін ортаға алды. Мәжілістің жалпы отырысына келген Қанат Шарлапаевқа қарша бораған сұрақ та осы алғашқы тіркеу мен утильалым төңірегінде болды.
Автор: Айжан Шамшидин
27.03.2024
Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:
-Біздің елде шешілмей жатқан бір мәселе бар. Оны өзіңіз жақсы білесіз. Ол – утильалымы мен алғашқы тіркеудің мәселесі. Қазір ондаған, мыңдаған қазақстандық осы мәселеге алаңдап, талай жерге бастама көтеріп, мәселенің шешілуін талап етіп жатыр. Қаржы министрлігінің өкілі, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі, экология министрлігінің өкілі, ұлттық экономика министрлігінің өкілі – барлығының аталмыш төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек қана осы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі, сіздің комитет төрағаңыз ғана «бұл төлемдер қажет, сақталу керек» деп қалды.
Утильалым бағасын төмендетуге неге қарсы болғанын түсіндіре алмай біраз күмілжіген Шарлапаев, соңында «бүгінгі тақырыпқа сай сұрақ күтемін» деп мәселені жылы жауып қойды.
Айта кетейік, қазір нарықтағы темір тұлпарлардың 50 пайызының әбден тозығы жеткен. Ал ескісін сатып, жаңалауға көптің ақшасы жете бермейді. Шетелден автокөлік тасымалдайын десе, түрлі алым-салық көлік бағасынан да қымбат. Бүгінде жаңа көлік санатына жататын темір тұлпарлардың үлесі небәрі 6 пайыз шамасында. Депутаттардан кейін журналистер алдына шыққан министр ұсынысқа қарсылықтың себебін түсіндіре алмаса да, «утильалым өзгермейді» деп қысқа қайырды.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
–Утиль алымы бойынша қазіргі таңда біз ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Неге? Ең басты мен өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым, ең басты – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуатын арттыру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!